Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Үкіметте 2013-2014 жылдың бюджеті нақтыланды

AstanaTV
11.03.2014ж. 20:00
678
Үкіметте 2013-2014 жылдың бюджеті нақтыланды

Бірінші сәуірден бастап Қазақстан экспортталатын шикі мұнайды қымбатырақ сатуға көшеді. Бір тоннасы 60 доллардан 80 долларға өседі. Осының есебінен қазынаға үш жүз миллиард теңгеден астам табыс түсіру көзделіп отыр. Бүгін Үкіметте 2013-2014 жылдың бюджеті нақтыланды. Қандай салаларға, қанша қаржы бөлінетіні де мәлім болды.

Атап айтсақ, әлеуметтік төлемдерді өсіруге - 121,6 млрд теңге, «Балапан» бағдарламасына - 6,7 млрд, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» жобасына -  20,8 млрд теңге қарастырылған. Оған "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жүйесі арқылы несиелеу, кезекте тұрғандар және жас отбасылар үшін жалға берілетін баспана құрылысының шығындары да кіреді.

Ал «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыруға 17,7 млрд теңге қаралса, ЭКСПО дайындығына -10 млрд теңге бөлінбек. «Алматы-Қапшағай», «Астана-Теміртау» тас жолдарын жөндеуге қосымша 15 млрд теңге мөлшерінде қаражат қаралған. Тағы да "ЭКСПО-2017" мен 2017 жылы қысқы универсиаданы өткізу үшін, Астана мен Алматы қалаларын дамытуға - 15 млрд теңге трансферт бөлінбек.


Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі:


Я хотел бы подчеркнуть - сегодня окончательно все вопросы отрегулируем. Завтра вносим  в Парламент.


Экономика және бюджетті жоспарлау министрі алдағы екі жылда көлеңкелі экономиканың әсерін жойып, қазынаға бір триллион теңге табыс түсіру көзделіп отырғанын мәлімдеді. "Қазір сауда-саттықта, ауыл-шаруашылығында, көлік тасымалы, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығында заңсыз қаржы айналымы асқынып тұр", - дейді.

Министрдің айтуынша, бір ғана баспананы жалға беру бизнесінде 700 миллиард теңге жасырын қалған. Көлеңкелі экономиканы жою үшін, нақты 60 іс-шара атқарылмақ. Мәселен, пәтерін жалға беретіндер енді салықтан жалтара алмайды.


Ерболат Досаев,  ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:


Заң бойынша енді жалға беру келісімшарты міндетті түрде тіркеледі. Қолданыстағы заңда ол міндеттелмеген. Бұдан табыс тауып отырғандар салық төлеушіге айналуы керек. Салық төлеуде оларға жеңілдік жүйесі қарастырылған. 


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ