$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Перзентханадан берешек болып шығу...

AstanaTV
30.04.2016ж. 20:00
1609
Перзентханадан берешек болып шығу...

Павлодарда тұратын Бақытбек Әліпбекұлы жүгіріп-жүгіріп 310 мың теңгені тапты-ау әйтеуір. Төртінші перзентін дүниеге әкелген әйелі Нұргүл Абайханды шығарып алуға келгенде 310 мың теңге төлейтінін облыстық перинатальды орталық бас дәрігерінің орынбасары Любовь Ходырева айтқан. Себеп - отбасы Қазақстан азаматтары емес, оралман мәртебесі де жоқ. Ал ешқандай статус алмағаны Әліпбекұлының салақтығы емес. Шенеуніктердің салғырттығынан. Немқұрайлық пен әдеттегідей, мәселенітерең екшемеуден. Елімізге оралған қазақтарға байланысты ережелердің соңғы жылдары жиі өзгеретіні өз алдына, не азаматтық алмаған, не оралман мәртебесіне ие емес жүздеген адам ешнәрсеге қақы жоқ, «бүрісіп» отыр. Нақты сан керек пе? Бұйра-бұйра бюрократияның зардабын тартқан отбасылардың саны Павлодар облысында Бақытбектің шаңырағын қосқанда 140. Әлеуметтік көмегіңіз не, жаңа айттық - қарапайым медициналық көмек ала алмайды. Бұл 334 адам. Айтпақшы, Бақытбектің дүниеге келген сәбиін қосу керек - 335 адам. Жалпы соңғы екі жылда Ұлы Даламызға оралғысы келетін қандастар саны 10 есеге азайған.

«Перзентханадан шықпай жатып берешегі бар бөпе»туралы Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.

Бақытбек Әліпбекұлы осыдан 4 жыл бұрын Қытайдан Атажұртқа көшіп келді. Екі балалы отбасы Успенка ауданының Олгинка ауылына тұрақтаған. Бірен-саран малының арқасында ел қатарлы өмір сүріп жатқанын айтады. Сәуірдің 19-ында шаңырағында төртінші сәби дүниеге келді. Бірақ, әкелік қуанышы ұзаққа бармады. 

Бақытбек Әліпбекұлы:

Далада қалып отырмын. Өйткені, оралман куәлігі өтіп кеткен, сен оралман емессің дейді. Балаға ақша төлеуің керек деп жатыр. 310 мың теңге. Мен оны қалай төлеп беремін? Азаматтығым болмаған соң, жұмысым жоқ. Басымда баспанам жоқ.

Зайыбы Нұргүл Абайхан облыстық перинатальдық орталықта босанды. Екі жарым келі салмақпен туған нәресте мен әйелге тиісті ем-дом жасалды,-дейді дәрігерлер. Алайда, шетел азаматы болғандықтан, қомақты қаржы талап еткен. 

Нұргүл Абайхан:

Скорыймен больницаға келгенде ғана біліп отырмын ғой. Мені оралман деп танымайтынын. Бұрын оны ұмытпағағам ғой?! Өздері айтады, азаматтығын береді деп. Ақша төлейтін шамам жоқ. Көмек болса деймін.

Бар гәп – Қазақстандық көк паспорттың жоқтығында. Ерлі-зайыптылар Қытай азаматтары. Демек, олар Қазақстан азаматына тиісті барлық жеңілдіктен ада.

Любовь Ходырева, Павлодар облыстық №1 перинатальдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Бұл адам Қытай республикасының азаматы. Ал, Қытаймен біздің ел арасында медициналық көмек көрсету бойынша келісім жоқ. Ауруханаға түскен адамға алғашқы көмек міндетті түрде көрсетіледі. Алайда, заңға сәйкес әр ем-шара үшін ол өз қалтасынан немесе жұмыс берушісі қаржысынан, болмаса, сақтандыру қорынан ақысын төлеуге міндетті

Бақытбек Әліпбекұлы 2012 жылдан бері азаматтық ала алмай жүр. Бұған еліміздегі көші-қон заңының соңғы бес жылда үш мәрте өзгеріске ұшырауы басты себеп. 2011 жылы қабылданған құжатқа сәйкес, елге оралған ағайынға «оралман куәлігі» бір жылға беріліп келген. Бірақ, 2013 жылы бұл талап өзгертіліп, қандастар азаматтығын 4 жылдан кейін рәсімдеуге құқылы болады. Алайда, өткен жылдың соңында заң тағы да өзгерді.

Меруерт Есембаева, Павлодар облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

2011-2012 жылдары оралман мәртебесі берілген азаматтарға бір жылға берілген мәртебе биылғы жылы олар ұзартылмайды. Яғни, ол кісілер өздерінің мәртебесін жоғалтты деген сөз. Сондықтан, бүгінгі таңда олар тек шетел азаматы болып қалуда.

Заңға енгізілген келесі ереже – қандастардың өзге ел азаматтығынан шығып келу туралы талабы. Бұл - Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Түркменстан сынды мемлекеттерден қоныс аударған қауымға проблема тудырмады. О жақтағылар тиісті анықтаманы береді екен. Алайда, аспан асты елінің шарты қатаң.

Меруерт Есембаева,  Павлодар облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

Қытайда азаматтықтан шығу үшін басқа елге көшкеннен кейін, осы жаққа келіп азаматтық алғаннан кейін барып қана азаматтықтан шығарады. Сондай проблемалардан бүгінгі таңда біраз отбасы қиыншылық көріп отыр.

Бақытбек Әліпбекұлы:

Үкіметтен квота да сұрағанымыз жоқ, көмек те сұрағанымыз жоқ. Заңын тостық. Тостық 4 жыл. Енді міне өтініш беріп, азаматтыққа кірейік десек... баламыз оқып жатыр, оқуда озат, жоғарғы оқуға түсейін десе, не ИИН-і жоқ, не азаматтығы жоқ. Әке-шешесі азамат емес. Шетелдік азаматсың дейді. Сонда мен қалай өмір сүремін? 

Мәселеге қатысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті өкілдерінен комментарий сұрадық. Шенеуніктер  қайшылықтың барын жасырмады. Проблеманы шешудің мынадай жолын ұсынады: 

Аслан Қаржаубаев, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:

Қазір оралман мәртебесін жоғалтқан оралмандар Қытай мемлекетінің Қазақстандағы елшілігіне барып, өзінің өтінішін білдіру керек. Олар түсініктеме қағаз жазып береді: Біздің заң бойынша әуелі шетел мемлекетінің азаматтығын қабылдау керек, содан кейін ғана шығарамыз,-деген. Сондай құжатты алғаннан соң соның негізінде біз Қытай азаматтарының құжатын қабылдап, азаматтыққа қабылдаймыз.

Павлодарлық тұрғынның тығырыққа тірелгенінен өңір әкімі де хабардар. Әкімдік отырысында Болат Бақауов аймақтың бас дәрігерінен мәселенің мән-жайын сұрады.  Басқарма басшысы өз әрекеттерінің заңға сай екендігін айтты. Онысымен қоймай, Бақытбек Әліпбекұлының ақша табатыны «күмәнді» деп қалды. Мәселе айтылды да, қойды. Әңгімеден арыға бармады. Ал, көп балалы әке болса, денсаулық сақтау саласының шенеунігі меңзегендей, «түк таба алмайтын» шарасыз адам болмай шықты. Қорадағы 3 тоқтысын сатты, көрші-қолаңнан қарыз алды. Ақыры нәрестесіне - 120 мың, зайыбына 190 мың теңге төлеп, туғандарын ауруханадан шығарып алды. Өзегін өртейтін дүние көп...

Бақытбек Әліпбекұлы:

310 мың теңге. Елден, көршілерден, ағайын-туыстардан бір апта жүгіріп жүріп осы ақшаны тауып, заң бойынша төлеу керек деген соң төлеп болдым. Бұдан кейін ертең бола ма, бүрсүгіні бола ма өз отбасымнан біреу ауырып-сырқаса, қандай халде боламын. Мен не болмаса шешесі біреу осылай түссе, балалар бізді асырайды ма 4 жастағы, 12 жастағы?!Асырай алмайды ғой, мүмкін емес қой!

Перзентхананың «тұтқынына айналамын» деп алаңдаған Нұргүл Абайханның қуанышында шек жоқ. Туыс-туғандарымен қайта қауышып, мәз-мейрам. Екі апталық нәрестенің есімін Ақерке деп қойыпты. Денсаулығы тәуір. Перзентханадан шықпай жатып, берешекке белшесінен батқан сәби ата-анасының қиналысын қайдан білсін?! Анасының қалжасын беруге әкесінде қой тұрмақ, тоқты жоқ. Жинаған малын түгел сатып жіберді. Бірақ баладан артық бақыт бар ма, ата-анаға?!

Бейнеқыстырма: Мәз болып тұрған ана мен бала

Министрліктің мәліметіне сәйкес, 2011-2012 жылдар аралығында Қазақстанға 86 мың  қазақ көшіп келген. 70 пайызы - Өзбекстан, Қытай - 20 пайыз, қалғаны өзге мемлекеттерден оралғандар. Бүгінде 1609 адам азаматтығын дер кезінде рәсімдемей, «оралман мәртебесінен» айрылып отыр. Комитет өкілдерінің айтуынша, заңда екінші мәрте статус беру ұғымы қарастырылмаған.

Бұл жалғыз Бақытбек Әліпбекұлының басына түскен ауыртпалық емес. Көші-қон бөлімінің мәліметінше, 2011-2012 жылдар аралығында тек Павлодар облысына 195 отбасы қоныс аударыпты. Оның 55-і азаматтығын рәсімдеп үлгерсе, 140 шаңырақ, яғни 334 адам екі ортада абдырап қалған. Мәселе күрделі. Ол және  үкімет деңгейінде ғана шешіледі. Атажұртқа келіп, тауы шағылған ағайын үмітін бәрібір үзбейді...

Әсемгүл Мұхитқызы, «Біздің Уақыт».