Түркиядағы аты шулы «Гези» саябағында қайтыс болған адамдардың жалпы саны
сегізге жетті. Алайда күні кеше бақилық болған 15 жастағы мектеп оқушысы
Эльван Беркиннің жазықсыз өлімі түрік жұртын бей-жай қалдырмады. Халық
жасөспірімнің өліміне кінәлілер жауапқа тартылсын деген талаппен Түркияның
бірнеше қалаларында ереуіл ұйымдастырды. Соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, екі
адам қаза тапты. Ереуілшілердің бірі Стамбулда басына соққы алып мерт болса,
елдің шығысында тәртіп сақшысы жүрек талмасынан көз жұмған. Бұл уақытта билік
әлеуметтік желілерді бұғаттау жоспарын іске асыруға әзір отыр. Түркиядан
тілшіміз Ержан Жүністің репортажы.
Біз қазір Ыстамбұл қаласының Оқмайданы ауданында жүріп келеміз. Айтса
айтқандай, шеру кезінде Оқмайданы атыс пен шабыстың, оттың майданына айналады.
Былтыр дәл осы көшеде дүкенге нан алуға шыққан Эльванның басына тәртіп
сақшысының көз жасаурататын оғы абайсызда тиіп, жаралы күйде ауруханаға
жеткізілген болатын. Ол қолындағы бір бөлке нанын үйіне сол күйі апара алмай
жүріп кетті.
Жасөспірімнің өлімі Түркиядағы қоғамдық толқуды айтарлықтай өршітті.
Жер-жерде кең көлемде наразылық шерулер өтіп, атқарушы билікке қарсы ашық
әрекеттер көбейді. Мысалы Измирде Ақ партияның сайлау науқанына орай ілінген
жарнамалық тулары тегіс жұлынып, елдің көзінше өртелді. Полиция сөзге
тоқтамағандарға қарсы үйреншікті әдетінше, көз ашытатын газ қолданып, су шашып,
тарқатуға тырысты.
Нәтижесінде, 15 адам газға уланып ауруханаға түссе, 45 бұзақы тұтқынға
алынды. Ал Қожаелі қаласында билік партиясының бас ғимараты орналасқан орталық көшенің
бойымен жүзден астам ереуілшілдер бейбіт шеруге шығып, Тайып Ердоғанның
қызметтен кетуін талап етті. Түркияның астанасы Анкара мен Ыстамбұлда да жағдай
ушығып тұр. Полицияны жау көрген қызу қанды жастар қолдарына түскен тасты да,
темір де лақтырып айналаның астан-кестеңін шығарды. Тіпті, Ыстамбұлдықтар көлік
қозғалысын бөгеп, жолды жауып тастауға дейін барды.
Біз бүгін ереуілде жан тәсілім болған замандастарымызды, достарымызды еске
алу үшін жиналдық. Олар наразылық шеру кезінде азаматтық ұстанымдары үшін бөгде
емес, өз еліміздің тәртіп сақшыларының қолынан қаза болды. Бұған көз жұмып
отыра алмаймыз.
Ыстамбұл Ереуіл аз ғана уақытта қалай бұқаралық сипат алады? Бұл бүгінгі
түрік билігін толғандырып отырған негізгі сауал. Сөйтсе, санаулы белсенді топ
қаланың орталығына шығып, ел назарын өзекжарды мәселелерге бұруға тырысады
екен. Ал әлеуметтік желі арқылы ойы мен ниеті ортақ жақтастарын шеруге үндейді.
Осыған орай, өткен аптада Премьер-министр Тайып Ердоған, ұлттық қауіпсіздігіміз
үшін Түркияда жекелеген әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылуы мүмкін
екендігін ескертті.
Бюлент Арынч, Түркия республикасы премьер-министрінің орынбасары:
Біздің елде қақтығыс атаулыға жол жоқ. Оның арты жақсы емес екенін
түсінетін күнге келдік қой. Өйткені заңмен шешілетін істі жұдырықпен шешкісі
келетіндердің түп мақсаты белгілі. Олар әуелі кез-келген оқиғаны әсірелеп, оған
саяси реңк беріп халықты дүрліктіреді. Кейін жоқ жерден қақтығыс ашып араға жік
салады. Амал не, кезекті қақтығыстан тағы бір баламыздан айрылып отырмыз. Енді
осыдан соң, шерудегі басты арандатушыларды тауып, оларға заң бойынша қатаң шара
қолдану керек.
Ыстамбұл Көшедегі тәртіпсіздікті көре тұрып, өз баласын нан алып келуге
қандай ата-атана жұмсайды?! Әлде заңға бағынбаған бұзақыларды тәртіпке шақырған
полиция ма кінәлі?
Алайда ата-ана ұлының өліміне полиция жасағын кінәлап отыр. Осыған орай,
Ыстамбұлдағы «заңгерлер» ұйымы Әділет сарайының алдына жиылып, Эльванның
өліміне себепші болған полиция заң алдында жауап беру тиіс екендіктерін
мәлімдеді. Марқұмды қоғамның бір тобы Гези оқиғасының құрбаны атаса, екінші топ
- символына теңейді. Баланың жаназасына мыңдаған ыстамбұлдықтар жиылды. Аз
уақыттың ішінде Оқмайданының орталығында ине шаншар жер қалмады. Эльванды ақтық
сапарға шығарып салуға елдегі бүкіл саяси партиялардың, ықпалды ұйымдардың
белсенділері қатысты.
Түркияда қазір саяси жағдай мың құбылып, қоғамдық толқу тербеліп тұр.
Бүгінде ішкі алауыздықты қоздыру үшін сыныққа сылтау іздеудің қажеті де жоқ.
Бір ғана шырпы сайлау алды тартысқа оттық бола алады. Алайда оны дер кезінде
сөндіру бейбіт шерумен басталған «Гези» оқиғасы түрік билігіне үлкен сабақ
болды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ