Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Малайзиялық «Боинг 777» ұшағы көкте күлпаршасы шығып, бөлшектеніп кеткен деген болжам бар

AstanaTV
13.03.2014ж. 20:00
962
Малайзиялық «Боинг 777» ұшағы көкте күлпаршасы шығып, бөлшектеніп кеткен деген болжам бар

Жұмбақ жағдайда жоғалған малайзиялық «Боинг 777» ұшағы көкте күлпаршасы шығып, бөлшектеніп кеткен деген болжам бар. Енді бірі ұшақ командирі өзін-өзі өлтірген деп топшылап отыр.

Жергілікті ұшқыштардан сауалнама алған француздың «Фигаро» газеті тағы бірнеше болжамдар жариялады. Енді бірі әуе кемесін зымыран қағып түсуі ықтимал деседі. Себебі әуелайнері радардан лезде жоғалып, дабыл да үзілген. 1980 жылы «Итавиа» ұшағын ракета қағып, борттағы 80 адам да із-түссіз кеткен.

Енді бір болжам - ұшақтың көкте күл-талқаны шығып, ауада бөлшектеніп кетуі. 2002 жылы қытайлық компания ұшағы осындай жағдайға ұшыраған. Сол кезде де әуе кемесі радардан лезде жоғалып, кейін ұшақ қалдығы табылған. Әуе лайнеріндегі командирдің өз-өзін өлтіруі жоққа шығарылмады. Ұшақ бортындағы өрт немесе әуе лайнерін белгісіз біреулердің басып алу ықтималдығы да қарастырылып жатыр.

Еске салайық, Куала-Лумпур қаласынан Бейжіңге бағыт алған «Малэйжн Эйр Лайнс» компаниясының ұшағы 8 наурызда әуеге көтеріліп, 19-шы минутта жоғалып кетті. Ұшақ бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болды. Жолаушылар қатарында 14 елдің азаматы бар. Іздеу операциясы әлі жалғасуда. Оған 9 елдің құтқарушылары ат салысып жатыр.


Әлия ӘШІМ