$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Пәтерлері отқа оранған ақтөбелік 8 отбасына жергілікті билік уақытша баспана берді

AstanaTV
14.03.2014ж. 20:00
1046
Пәтерлері отқа оранған ақтөбелік 8 отбасына жергілікті билік уақытша баспана берді

Бір мезетте пәтерлері отқа оранған ақтөбелік 8 отбасына жергілікті билік уақытша баспана берді. Бірнеше үлкен бөлмелері бар бұл үй көктемгі топан су кезінде зардап шеккендерде арнайы даярланыпты. Бірнеше керует орналастырылған бөлмелер уақытша атауын ақтауда. Әзірге жатын бөлмесінен өзге тұрмысқа қажетті бұрыштар қамтамасыз етілмеген. "Дегенмен күн жылынып, аяқ асты кеңігенше, паналауға мүмкіндік бар", - дейді шарасыз тұрғындар.


Бибігүл Ерғалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:


Уақытша болса да, осындай тұратын жер берді, бірақ бір бөлмеде он койка. Қанша адам, барлығымыз тұрамыз. Барлығымызға осында жер берді. Әзірге азық-түлік ештеңе жоқ. Негізі тамақ істеуге болмайды деп тұр. Білмейміз енді. Ол жағын шешетін шығар. Уақытша тұрады деп тұр. Үй жағын қарастырамыз деді, акимат әлі шешеміз дейді.


Жергілікті билік төтенше жағдай мамандарының шешімін күтуде. Өрттің шығу себебін анықтағаннан кейін, тиісті көмек көлемін белгілейміз деп отыр. Әзірге тұрғындарға қажетті құжаттарды даярлауды тапсырған. Болашақта өртенген үйдің орнына 8 пәтерлі жаңа баспана тұрғызуда ойда бар екен. 


Ерхан Омаров, Ақтөбе қаласының әкімі:


Пәтер беру мәселесі қарастырылмаған заң бойынша. Бірақ енді қандай көмек беретінімізді ойластырамыз. Мүмкін ертең болашақта құрылыс материалдарымен көмектесеміз бе, уақытша тұратын жер тауып береміз бе ойластырып жатырмыз.


Мансұр ЕСҚОЖИН