$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбыл облысы Талас ауданы Көктөбе елді мекеніндегі жалғыз мектеп ғимараты апатты жағдайда

AstanaTV
18.03.2014ж. 20:00
2443
Жамбыл облысы Талас ауданы Көктөбе елді мекеніндегі жалғыз мектеп ғимараты апатты жағдайда

Алдағы оқу жылынан бастап Жамбыл облысы Талас ауданы Көктөбе елді мекеніндегі жалғыз мектеп бастауыш сыныптардың шәкірттеріне ғана ашылады. Өйткені Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр. Аудандық білім басқармасы мектептің тек қауіпсіз бөлігінде сабақ оқытуға болады деп санайды. Ал ауыл тұрғындары бұл шешімге наразы. Аймақтағы тілшіміз Данияр Әлімқұл, білім ошағанда болып, ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайтты. 


50 жылдық тарихы бар мектеп есігіне қара құлып салынатынын естіп, дүйім жұрт дүрлікті. Білім бөлімінің оқу ошағын апатты жағдайда деп айтуы - сыныққа сылтау дейді. Сондықтан 4 шақырым жердегі көрші ауылдың мектебіне балаларымызды жібермейміз деп отыр. Жабылатынын естіп, жабыққан жұрт - жұмыссыз қалады деп ағарту мамандарын аяйды. Өйткені мектепте 33 мұғалім, 23 тех қызметкер жұмыс істейді.


Күләз Әуелхожаева, Көктөбе ауылының тұрғыны:


Қолымда ұстап отырған балалардың жағдайын жасау керекпін ғой. Қазір қаңғыртым жібердім. Сонда не істеймін мен? Осы жерде қаламын ба қара басым? Қалай қаның қараймайды?


Серікхан Қыдырбеков, тарих пәнінің мұғалімі:


Бұл жерде білімсіз өсті балалар дегенді білмеймін. Мына мектебімізді жабамыз дегенге жүрегім қатты ауырып тұр. Өйткені кішкентай кезімізден бастап осы мектепте оқығанмын. Осы мектепте өскенмін. Енді қайтіп келдім осы мектепке. Білім беріп жатырмыз.


Талас аудандық білім бөлімінің дерегінше, арнайы комиссия 2007 жылы мектеп ғимаратының апатты ахуалын таныған. Білім ошағының жұмысы 2012 жылы тоқтатылуы тиіс болған. Қазір бар-жоғы - 69 оқушы бар. 11- сынып бойынша тек 4 оқушы ғана оқиды. 8-сынып атымен жоқ. Дегенмен, ауыл тұрғындары бала саны артып келеді дейді.


Гүлзира Сейітбекова, ауыл амбулаториясының медбикесі:


Баланың өсімі жоқ дегенге келіспеймін. Міне алдымда тұр күнделікті аралайтын балалардың үйі. 2012 ден 2013 жылғы дейін 32 бала. Қалай өсім жоқ? Жылда 12-13 бала туылады.


Ал Талас аудандық білім бөлімінің бастығы болса, байбалам салуға негіз жоқ дейді. Білім ошағын толық жаппай, тек бастауыш білім беретін мектеп түрінде құру туралы шешім шыққан. Апатты жағдайдағы ғимаратта сабақ оқытуды тоқтату - сот шешіміне сай орындалатынын түсіндірді.


Гүлнәр Тұрсынбекова, Талас аудандық білім бөлімінің бастығы:


Мектеп жабылмайды. Ондай қате түсінік болмау керек. Мектеп жабылмайды. Бөлтірік Әлменұлы атындағы бастауыш мектеп болып қала береді. Ол жерде тек қана балалардың қауіпсіздігін ойлап отырмыз. Әйтпесе халықты жұмысыз қалдырып, елді мекенен дүлей көшіріп, ондай ешқандай ой жоқ. Ерте ме, кеш пе бәрібір соттың шешімін орындауға мен тиіспін.


Осылайша жаңа оқу жылынан бастап Көктөбе елді мекенінің оқушылары Ойық ауылының орта мектебінде оқиды. Мектеп мұғалімдері де көрші ауылдың білім ошағында сабақ бермек. Аудандық білім бөлімі 7 миллион тенгеге балаларды тасымалдауға автобус та аламыз деп сендірді.


Данияр ӘЛІМҚҰЛ