$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ресей чемпионатының play-оff ойындарында «Сарыарқа» және «Барыс» командалары әзірге сүрінбей келеді

AstanaTV
20.03.2014ж. 10:00
916
Ресей чемпионатының play-оff ойындарында «Сарыарқа» және «Барыс» командалары әзірге сүрінбей келеді

Ресей чемпионатының play-оff ойындарында ел намысын қорғап жатқан "Сарыарқа" және "Барыс" командалары әзірге сүрінбей келеді. Екінші кезеңде қарағандылық клуб Краснодар қаласының "Кубань" клубымен бақ сынайтын болса, елордалық "Барыс" командасы Башқортостанның "Салават Юлаев" хоккейшілерімен мықтыны анықтайды. Жауапты ойын алдында астаналық команда ашық жаттығу өткізді.

"Барыс" сапында бірқатар ойыншылар жарақат алғаны белгілі. "Салават Юлаев" клубымен болатын кездесуге қақпашы Ари Ахонен, шабуылшылар Константин Пушкарев және Талғат Жайлауов қатыспайды. Сонымен бірге, ескі жарақаты сыр берген бірінші бестіктің шабуылшысы Найджел Доустың ойынға шығу шықпауы белгісіз. Қарсыласқа келсек, "Салават Юлаев" командасы Астанаға қатарынан жеті кездесу өткізіп келе жатыр. Мұның алдында Уфа қаласының хоккейшілері әзер дегенде Нижний Новгород қаласының "Торпедо" клубын жалпы есепте 4:3 есебімен жеңді. Ал "Барыс" болса, қатарынан төрт ойында "Автомобилист" клубын айналып өтті.

Ари Пекка Селин, "Барыс" клубының бас бапкері:

"Салават Юлаев" командасы шабуылға көп көңіл бөледі. Олардың ойын өрнегі бізге ұқсас. Сондықтан, кездесулер тартысты өтеді. Екі команданың деңгейі бірдей, сондықтан, келесі кезеңге қай команда шығатынын алдын ала атап айту мүмкін емес. Дегенмен, біздің оларға қарсы өз ойын жоспарымыз бар.

Астанада өтетін екі кездесу Наурыз мейрамы күндері өтетінін ескерсек, "Барыс" командасы жанкүйерлерге жеңіс сыйлау үшін аянып қалмайтыны анық.

Естеріңізде болса, 8-ші наурыз күні "Автомобилист" командасын жеңген Ари Пекка Селиннің шәкірттері әйелдер мерекесіне тамаша сыйлық жасады.

Самат ҚАНАҒАТОВ