Парижден елшілік ғимаратын сатып алуға бөлінген қаржы еліміздегі жас
отбасыларға арналып соғылатын жалдамалы баспанадан бес есеге артық. Бүгін Төменгі палатада биылға бюджеттен қаралатын қаржы бөліске түсті. Депутаттар
төрт көзі түгел жиналған Үкімет мүшелерінің "аңқаулығын" бетіне басты.
Мөлдір Бақытқызы тарқатады.
Биыл Париждің қақ төрінен елшілікке ғимарат сатып алуға қазынадан 10
миллиард 6 миллион теңге бөлінбек. Сөйтіп, Сыртқы істер министрлігі
"Триумф қақпасы" маңынан зәулім сарай иеленбек.
Сыртқы имидж үшін дейді. Бірақ бюджетті бөліске салғанда, ішкі имидж
ескерілмеген сыңайлы. Депутат мұны бір баспанаға зар болып, кезекте
тұрғандарға үй салу үшін бөлінген қаржы көлемінен салыстырды.
Қосымша табыс көзін депутат Халмұрадов ұсынып көрді. Қазақстаннан
шығарылатын бір тонна қара алтынға 300 доллар салық төлейтін магнаттар Ресейде
400 доллармен есептеседі. Осы жүз доллар айырмашылықтан біздің бюджет ондаған
миллиардттан қағылып отыр дейді.
Бүгінде Қазақстанда екі жүзге жуық мұнай компаниясы бар. Өндіріс
ошақтарының көбісі ескірген. Оларға салықтан шошып, елден тайып тұрмас үшін,
осындай жағдай жасалған көрінеді.
Есесіне, Үкімет аграрлық салаға жомарттық танытты. Ауыл шаруашылығына
биылдың өзінде бақандай 193 миллиард теңге бөлініп отыр. "Алайда қыруар
қаржы ауылға аттап баспайтын шенеуніктердің қалтасынан артылып, қарапайым
шаруалардың қолына тисе жақсы", - деп алаңдайды Сабильянов. Ол майлы жілікке
айналған "ҚазАгро" қызметінен ашықтықты талап етті.
Ал Қуаныш Сұлтанов Үкімет мүшелерінің "аңқаулығына" таң-тамаша.
"Академик түгел, үй шаруасындағы әйел де бүгінде инфляция 4-5% деңгейінде дегенге иланбайды. Баға баяғыда шарықтап кеткен," - дейді.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ