$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оңтүстік Қазақстан облысында банк тонау қылмысына күдіктілер қолға түсті

AstanaTV
20.03.2014ж. 20:00
2291
Оңтүстік Қазақстан облысында банк тонау қылмысына күдіктілер қолға түсті

Оңтүстік Қазақстан облысында банк тонау қылмысына күдіктілер қолға түсті. Арасында банктің өз қызметкерлері де бар. Шардара қаласындағы қаржылық құрылымдардың бірінен өткен жылдың желтоқсан айында 63 млн теңгеден астам қаржы қолды болды. Сезіктілер араға үш ай салып, ақыры ұсталды.


Нүриддин Дауылбаев, ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы:


Біздің пайымдауымызша, банкіде біраз ақшаның жетіспеушілігі болуы мүмкін. Сондықтан сол ақшаны ұрлап орнына қою үшін жасалуы да мүмкін. Олар бұл қылмысқа өте жақсы дайындалған. Себебі бейнекамералардың қай жерден қосылатыны, қай жерден өшіруге болатынын, қай терезеден кірсе, бейнекамераға түспейтінін қылмыскерлер анық білген.


Күдіктілердің дайындығы күшті болғаны соншалық, оларға бар болғаны 14 минут қана жеткілікті болыпты. Терезенің темір торын бұзып ішке кіргендер, төрт дорбаға қомақты қаржыны салып, лезде із жасырған.

Қазір осы қылмысқа қатысы бар 7 адам қамауға алынды. Бір қызығы, банкті тонағандардың алтауы өз қызметкері. Біреуі күзетші. Алайда бірінші кезекте күдікті ретінде қамауға алынған ол қылмысты үш ай бойы мойындамай келіпті. Ал банк қызметкерлері осы уақыт ішінде еш алаңсыз жұмыс істеп жүре берген. Тергеу құпиялылығына байланысты олардың лауызымы мен аты-жөндері айтылмай отыр. 63 млн теңгенің тағдыры да құпия әзірше. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ