Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Тараз қаласында тұратын күрд ұлтының өкілдері Наурыз мерекесін атап өтуде

AstanaTV
20.03.2014ж. 20:00
2570
Тараз қаласында тұратын күрд ұлтының өкілдері Наурыз мерекесін атап өтуде

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін қарсы алуға дайындық еліміздің түкпір-түкпірінде қызу жүріп жатыр. Мәселен, Тараз қаласында тұратын күрд ұлтының Айдаровтар әулеті көптен күткен мерекені жаңа күнге жеттік деп қуанышпен қарсы алу үстінде. Жалпы, күрді халқы Наурыз мерекесін атап өтуді апта бұрын бастайды. Ағайын-туыстарымен жиналып, бір-бірінің үйіне кіріп шығудан бастайды. Тіпті тараздық күрдтерде көрісу салты да бар. Олардың ортасында болып, күрд ұлтының мерекелік мәзірімен танысып қайтқан тілшіміз Данияр Әлімқұл өз әсерімен бөліседі. 


Күрд халқының көрісу салты осылай басталып, үлкендері үй-үйді аралайды. Қарттары бір дастарханда бас қосып, оларға жастар жағы ұлттық киімде қызмет көрсетеді. Әз-Наурызды әулет болып тойлауды әдетке айналдырған Айдаровтар жанұясы бүгін 15 отбасын бір дастархан басында жинады.


Келіңіздер, жайғасып, дәмнен алып отырыңыздар.


Дастарханға алдымен күрдтің наурыз көжесі - «Грар» қойылды. 9 түрлі тағамнан әзірленген. Ерекшелігі сол - ет пен май мүлдем қоспайды. Ал әңгімесі жарасқан әжелері шетінен көп құрсақ көтерген алтын алқалы аналар. Соның бірі - жасы 70-тен асқан Мысқар Оспанова - 12 бала, 60 немере мен 5 шөберенің бақытына бөленіп отыр.


Мысқар Оспанова, көп балалы ана: 

Қазақтардың ішіне келгенде, жамандық көрген жоқпыз. Құдайға шүкір, барлығы аман болсын. Нұрсұлтан Назарбаев аман болсын! Немере-шөбере болғанда 60-тан асады. Әулеттін бәрін жинап, бірге тойлаймыз біз Наурызды.


Ал бұл «Огра Нәврузи» дәстүрі. Яғни жаңа жылға, жаңа күнге жеткендерін қызыл жалынның қасиетімен өлшейді. От үстінен билеп секіріп, ескінің жаманшылығын жалын әкетсін деп ырымдайды. 300 биі бар күрдтер біразын Наурызда нақышына келтіріп орындайды.

 
Данияр Әлімқұл, тілші:


Мінекей, біз де бой жазып, билеп алдық. Бұл күрд ұлтының ұлттық биі - «Говенд» деп аталады. Шынтақпен шынтақты байлап ұстап, билеу арқылы - бірліктің белгісі, яғни достықты дәріптеуге арналған екен. Ендеше, қыздар жігіттер жалғастырамыз ба? - Кеттік.


Жалпы Жамбыл облысында күрд ұлтының 20 мыңнан аса өкілі тұрады. 15 жылдан бері «Барбанг» күрд қауымдастығы да жұмыс істейді. Төрағасы Латиф Айдаров сәуір айында өтетін Қазақстан халықтары Ассамблеясы сессиясына дайындық үстінде.


Латиф Айдаров, «Барбанг» күрд халықтар ассоциясының төрағасы:


Әр сессияда айтылатын Елбасының бұл бастамасы - биыл да береке мен бірліктің бастауы болмақ. Бұл сессияға біз қызу дайындық үстіндеміз. Өзімізбен бірге этномәдениетімізді паш етеміз. Бізді Астана қашан да жылы қарсы алады. Сондықтан біз барамыз. Бірлігімізді көрсетеміз.


Осылайша, Әз-Наурызды әр ұлттың өкілі жаңамен жаңаруға жетудің басы деп біледі. Қазақстандағы күрдтердің де ниеті мен тілегі барша ұлыспен ортақ.


Данияр ӘЛІМҚҰЛ 
 

Алдыңғы жаңалық