Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Бір жылдан асқан көліктің мемлекеттік тіркеуіне салынатын қосымша салық нормасы 2017 жылы өзгертіледі - Альберт Рау

AstanaTV
22.04.2016ж. 20:00
1848
Бір жылдан асқан көліктің мемлекеттік тіркеуіне салынатын қосымша салық нормасы 2017 жылы өзгертіледі - Альберт Рау

Жаңа көліктерді мемлекеттік тіркеу салығына қатысты өзгерістер енгізілетін болды. Бұл туралы Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау эксклюзивті сұхбатында айтты. Құзырлы министрлік желтоқсанның соңғы күндерінде конвейерден шыққан көліктің араға бірнеше күн салып, «бір жылдан асқан» деп танылуы заңның шикілігі екенін мойындайды. Алайда өзгерістер осы жылы қабылдануы екіталай.

Альберт Рау, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Иә, бұл мәселеде шынымен заң қарама-қайшылыққа тап болды. Желтоқсанда жасалған көлік қаңтарда бір жылдан асқан деп танылып, қосымша салық салынады. Қазір тиісті өзгерістерді әзірлеп қойдық. Бірақ салық кодексінің кестесімен сай келмей, жаңа жылға қалды.

Өзгерістерде салықтық жеңілдікке ие болатын көліктердің жас мөлшері бір жылдан екі жылға дейін ұзара ма, жоқ па, белгісіз. «Өзгерістің тұтынушыға ешқандай қатысы жоқ, бұл өндірушілердің проблемасы»,- деді Альберт Рау. Еске салсақ, өткен аптада бір топ депутат өткен жылдың соңында шыққан су жаңа көліктердің қосымша салыққа бола қоймаларда қаңтарылып тұрғанын айтып, министрлікке сауал жолдады. Қолданыстағы заңға сәйкес бір жылдан асқан жаңа жеңіл көлікке 50, жүк көлігінің мемлекеттік тіркеуіне 200 айлық есептік көрсеткіштен бастап салық қарастырылған. Депутаттар осының салдарынан жаңа көліктер сатылмай тұр деген еді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ