Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шымкентте жолақы қымбаттады

AstanaTV
03.05.2016ж. 20:00
1782
Шымкентте жолақы қымбаттады

Шымкентте жолақы қымбаттады. Қала ішінде жол жүру құны 70 теңге болып белгіленді. Бұған дейін 50 теңге төлеген жолаушылар 1 мамырдан бастап жиырма теңге артық төлей бастады. Бұл әсіресе қоғамдық көліктің қызметіне жиі жүгінетін болып отыр. Оқушылар үшін жолақы 35 теңге. Жеңілдікке студенттердің ие болғанын айта кеткен жөн. Олар студенттік билеттерін көрсеткен жағдайда бұрынғыша 50 теңге төлей алады. Алайда зейнеткерлер қауымы бұл қымбаттауға наразы. 20 теңгенің өзі қалтаға қосымша  салмақ болып жатқанын айтады.

Жақсыбек Балқыбекұлы, зейнеткер:

140 теңге баяғы 100 теңге еді. 40 теңгенің өзі бір нан. Екі автобус 280 теңге. Қазір екі автобусқа мініп жатырмын. 70 теңге деген ауыр. 50 теңгенің өзін біз арзандатса деп ойлап жүр едік, қайта қымбаттады. Дұрыс емес. Сонда біз киім кимей, тамақ жемей, өтеді ме өміріміз.

Светлана Токманцева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бәрі қымбат, жалақы, зейнетқы аз. Бір баласы барларға ештеңе емес шығар, ал бір үйде 2-3 студент, бірнеше оқушысы бар адамдар қалай күн көрмек.

Қоғамдық көліктерде соғыс және тыл ардагерлері, зағип жандар мен олардың жанындағы адам, сондай-ақ  күміс және алтын алқа иегерлері тегін жүре алады. Айта кетейік,  Шымкентте қоғамдық көліктерде жүру ақысы соңғы рет 2012 жылы көтерілген. Сол кезде бірден 15 теңге қосылған еді. Жолаушы тасымалына жауаптылар жол ақысының өсуі автобустарды жаңалауға мүмкіндік береді деген үмітте.

Жарқын Байдуллаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда автобөлшектердің қымбаттауы, доңғалақтарының қымбаттауы, өздерінің шығындарын ақтай алмауы негізгі себеп болып отыр. Сонымен қатар әр компания жылына 20 пайызға өздерінің автопаркін жаңарту керек, сол табысының төмендігі салдарынан ол өте төмен жағдайда болып отыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ