$474.72 €515.17 ₽5.58
×

«Эйр Астана» Қазақстан-Ресей әуе тасымалына қатысты түсінік берді

AstanaTV
04.05.2016ж. 20:00
1609
«Эйр Астана» Қазақстан-Ресей әуе тасымалына қатысты түсінік берді

Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе тасымалына қатысты мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл туралы «Эйр Астана» компаниясының бұқарамен байланыс департаменті ресми ақпар таратты. Хабарламада Астанадан Ұлан-Батырға ұшуы тиіс рейстер тағдырының әлі шешілмегені жазылған.

Айта кетейік, отандық әуе компаниясы 27 наурыздан бастап Монғолияға жолаушы тасымалдауға бекінген. Алайда Ресейдің федералдық әуе қызметі бұл бағытқа ұшуға қарсылық білдірді. Олардың талабы - Ресей аумағынан өтетін 300 шақырым жолға роялити, яғни салық, төлету болды. «Эйр Астана» ресейлік «Аэрофлотқа» алым бермесе, бұл рейстің орындалмайтыны айтылды. «Эйр Астана» өкілдері екі ел арасындағы үкіметаралық келісімде мұндай талап көрсетілмегенін алға тартқан. Сондықтан көрші мемлекеттің қисынсыз талаптарына қатысты Қазақстанның әуе қатынасына жауапты мемлекеттік органдары тиісті жауап беруге міндетті деп есептейді.

«Эйр Астана» компаниясының бұқарамен байланыс департаменті:

«Екі мемлекет арасындағы әуе қатынастары туралы үкіметаралық келісімде үшінші мемлекетке әуе рейстерін орындауда ешқандай кедергілер болмауы тиіс деп көрсетілген. Мәселен, Ресей компаниялары апта сайын Қазақстан әуе кеңістігі арқылы 600 рейс орындайды. Қазақстан ол үшін қандай да бір талаптар қойып отырған жоқ. Біздің компанияның Ұлан-Батыр қаласына бағытталған рейстері «ұзақ магистральді транссібір бағытын» басып өтпейді. Сондықтан федералдық әуе көліктері агенттігінің бізден төлем талап етуі негізсіз». 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ