Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Түркиядағы жергілікті сайлаудың алдын ала қорытындысы белгілі болды

AstanaTV
31.03.2014ж. 20:00
1684
Түркиядағы жергілікті сайлаудың алдын ала қорытындысы белгілі болды

Түркиядағы жергілікті сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша елдің атқарушы «Әділет және даму» партиясы сайлаушылардың 45,5% дауысын алып, айқын басымдықпен жеңіп шықты. Үкімет басшысы Реджеп Тайып Ердоғанның партиясы сайлау алды науқанындағы ақпараттық шабуылға қарамастан соңғы өткен 2009 жылғы сайлаудан 7% артық дауыс жиды. Тақырыпты әріптесіміз Ержан Жүніс жалғастырады.


Өткен жексенбіде түрік халқы алдағы 5 жылда елге қалтқысыз қызмет ететін жергілікті атқарушы билікті сайлады. Халықтың сайлау белсенділігі жоғары. Мысалы Түркия бойынша тіркелген 52 млн 695 мың 831 сайлаушылардың 87%-ы азаматтық құқықтарын пайдаланып, ел ертеңіне бей-жай емес екендіктерін білдірді.


Орхан Шэрк, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:


Даусымды Ақ партияға бердім. Өйткені олар не жасаса да, халықтың қамы үшін жасайды. Бұл партия менің көңілімнен шығып тұр.


Фуат Кая, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:


Мен өз даусымды партияға емес, маған қызмет ететін үміткерге бердім. Шынымды айтсам, саяси теке-тірестен шаршадық. Елде өзгерістер болса дейміз. Бос дауласу бізге абырой әпермейді. Түркия өз таңдауын жасады деп ойлаймын.


Сайлау додасына 26 саяси партия қатысты. Алайда негізгі тартыс билік партиясы мен оппозициялық Халықтық Республикалық партиясы арасында болатыны белгілі еді. Өз кезегінде оппозициялық күштер Түркияның бас қалалары Анкара, Ыстамбұл мен Измир тұрғындарының дауысын алуға барынша күш салды. Нәтижесінде Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі Қадыр Топбаш қайта сайланса, Анкарада «Әділет және Даму» партиясы атынан қайта түскен Мелик Гөкчек қарсыласынан небары 1% дауыспен алда келеді. Жергілікті сайлауда оппозиция 27% төңірегінде дауыс жиып, уәде еткен 30-тан аса алмады. Тіпті Иалова қаласында 1 ғана дауыс айырмашылығымен Ақ партияның үміткері жеңіске жетті.


Абдулла Гүл, Түркия республикасының президенті:


Сайлау науқаны тартысты өткенін жақсы білеміз. Енді оның барлығы артта қалды. Бір-біріміздегі өкпе назымызды ұлтымыздың мүддесі үшін ұмытуымыз тиіс. Мемлекетіміз қуатты, қорғанысы мығым. Сондықтан Түркияны одан әрі нығайту жолында халқымызға дәл қазір ауыз біршілік пен бірлік керек.


"Жеңілген күреске тоймас", - дегендей, оппозиция сайлау қорытындысын бұрмалауға тырысып бағуда. Және халықтың арасында наразылықтың бір ұшқыны байқалса, іліп әкетуге әзір-ақ отыр. Сайлау күні 35 қалада жарық сөніп, дауыс санауда қиындықтар болды. Осы кезде оппозиция лидері Кемаль Кылычтароглының бақылаушыларға: «Жарық сөнсе, жәшікке жатып алыңдар, Ақ партиядан бәрін күтуге болады, артық дауыс салып жібермесін», -деп, сайлау нәтижесіне қоғамдық күмән тудырмақ болды. Ал үкімет жетекшісі, "Әділет және даму" партиясының төрағасы Тайып Ердоған Анкарада дәстүрлі «балкон конушмасына» шығып, партиядағы үзеңгілестері мен бүкіл Түркияны жеңіске жетуілерімен құттықтады.


Тайып Ердоған, әділет және даму партиясының төрағасы:


Достарым, халқымыз бұл сайлауда Түркияға және бүкіл әлемге елдің де, жердің иесі кім екен көрсетті. Оны қаперге алмай, шетке ысырып тастауға болмайтынын ашық білдірді. Енді біз саясатта, экономикада және демократияда күшті боламыз. Бұдан бұлай ескі Түркия емес, жаңа Түркия бар.


Тайып Ердоған Түркияны жаңа белеске шығарамын деп отыр. Әлбетте бұл мақсатқа жету үшін ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыра білу керектігін үкімет жетекшісі жақсы біліп отыр. Дегенмен сайлаудағы нәтижелер Ердоғанды халықтың тек жартысы ғана қос қолдап қолдайтыны белгілі болды. Сондықтан ол арқаны кеңге салмай, 4 айдан соң болатын президент сайлауына дайындық бастайды. Тамыз айында Түркия тарихында тұңғыш рет мемлекет басшысын депутаттар емес, тікелей халық сайлайды.


Ержан ЖҮНІС