$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырау тұрғындары жанар-жағармай стансасының құрылысына наразы

AstanaTV
01.04.2014ж. 13:00
1778
Атырау тұрғындары жанар-жағармай стансасының құрылысына наразы

Атыраудағы «Сарықамыс» ықшам ауданы тұрғындары үйлерге тым жақын салынып жатқан, май құю бекетінің құрылысына қарсы. Кезінде билік бұл аумақта балалар алаңы болады деп қуантқан.

Алайда олар алданғанын құрылысшылар жұмыс бастап жатқан кезде бір-ақ біледі. Бұл ықшам аудан тұрғындары, 2005-жылдың қыркүйегінде «Теңіз» кен орнына таяу орналасқан Сарықамыс ауылынан қоныс аударған. Олардың есебінше, тұрғын үйдің іргесі мен май құю станса ауласына дейінгі қашықтық 20 метрден аспайды.

Сәлима Қалиева, «Сарықамыс» ықшам ауданының тұрғыны:

У-дан қашқанмен, мына уға тап болып отырмыз. Мына жерде саябақ болады, көкалдандырамыз, балалар алаңы болады деді. Енді заправка салып жатыр. Әр 100 метр сайын заправка. Онымен қоймай газдың линиясына жақын бізге.

Жақын орналасқан тұрғын үйлер мен газ желісі де құрылысты тоқтауға себеп бола алмады. Жағдайды зерделеген қалалық әкімдік осылай деп отыр. 2012 жылы қала тұрғыны 1200 шаршы метр жер учаскесін жанар-жағармай құю стансасы құрылысын салу үшін алып, кейін өзгеге сатып жіберген. Соңғысы тиісті орындардың келісімін алып қойыпты. Ал бұған келіспеген тұрғындар прокуратураға шағымданды.

Арман Әділғалиев, Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

Жанар-жағармай құю стансасының барлық құжаттары жан-жақты тексеріліп, «Синойл» компаниясына тиесілі екендігі және құрылыс жұмыстары үшін тиісті мемлекеттік органдардан келісім алынғандығы анықталды.

Базаргүл ІЗІМОВА