Атырау
облысында малдың жаппай қырылуына пастереллез себеп болған. Ауыл шаруашылығы
министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары
Тұрсын Қабдұлданов осылай деді. Аталған облыстың Алға ауылында 39 бас мал
ауырып, оның 11-і өлген. Ал Қайыршақты елді мекенінде 33 бас ауырып, 17-сі арам қатқан.
Сондай ақ Ақтөбе облысының Әлия ауылында 13 бас ірі қара ауруға шалдыққан.
Алдын ала болжам бойынша олар да пастереллез бен листерелезге шалдықты деген
қауіп бар. Қазір тиісті сынамалар алынған. Малға жаппай екпе жасалды. Бірақ
министрлік мамандары бұл жыл сайын қайталанатын қалыпты құбылыс деп отыр.
Ауылдарға келген індеттің диагнозы анықталғанымен, нақты шығу себебі әлі
айтылған жоқ. Мал арасындағы індет Ресей әскери полигондарының әсерінен таралуы
мүмкін бе деген сұраққа толыққанды жауап берілмеді.
Тұрсын
Қабдұлданов, АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының
орынбасары:
Пастереллез
ауруына жабайы фаунаның әсері болуы мүмкін. Және кеміргіштердің әсері болуы
мүмкін. Енді полигонға қатысты деректер жоқ. Жабайы аңдар пастереллезбен ауырса, оның ауыл малдарына жұғу мүмкіндіктері бар. Бірақ бүгінде жабайы аңдар арасында
пастереллез ауруы тіркелген жоқ.
Еске
салайық, Ақтөбе облысының Қобда ауданында ірі қара мал осыдан бірнеше күн бұрын
қырыла бастады. Аз уақыт аралығында 150-ден астам мал қырылды деген ақпар
тарады. Бірақ министрлік мұны растаған жоқ. Ауыл халқына өтемақы беріледі.
Министрлік өкілдері бір бас малға орташа
баға 150 мың теңге болуы мүмкін екенін айтты. Десе де, өтемақы әр малдың
жасына, жынысына қарай, әр түрлі есептеледі. Мамандар ақшаға қызыққан тұрғындар
қорадағы малын өздері-ақ сойып сала ма деп те алаңдайды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ