$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада жылу беру маусымы 15 сәуірде тоқтатылады

AstanaTV
08.04.2014ж. 20:00
1428
Астанада  жылу беру маусымы 15 сәуірде тоқтатылады

Астанада орталықтандырылған жылу беру маусымы 15 сәуірде тоқтатылады. Бұл жөнінде шахар басшысы хабарлады. Әкімдік таратқан мәліметке сай, өткен жылыту маусымы ешбір іркіліссіз өткен. Елордада жылумен қамту алдыңғы жылдармен салыстырғанда биыл әлдеқайда ерте басталғанын айта кету керек. Жылу беру маусымы барысында шамамен 2 млн тонна көмір, 20 мың тоннадан астам мазут пайдаланыпты.

Жоспарлы жөндеу жұмыстарымен қатар бірнеше жаңа нысандар орталық жылу жүйесіне қосылған. Әйтсе де қиындықтар жоқ емес. Мәселен, жылу беру кезінде үй ішілік жүйелердің жарамсыз күйге түсуі жиі кездеседі. Қала басшысы аталған кемшілікті жоюға коммуналдық қызмет өкілдерімен қатар тұрғындарды да жұмылдыру керектігін айтты.

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

Егер де магистральды жүйелер арқылы тұрғын үйге дейін ыстық су мен жылу қалыпты жағдайда жеткізілгенімен, үйдің өз ішіндегі инженерлік жүйелері қалыпты жұмыс істемесе, бұл мәселені қолға алу керек. Бұл жөнінде арнайы комиссия жасақталып, проблемалы үйлердің тізімі құралды. Келесі жылу беру маусымына дайындық барысында атқарылатын басты жұмыстарға коммуналдық қызметшілермен қатар тұрғындардың өздерін де жұмылуы қажет. Біз қаржыландыру көздерін де табуымыз керек. Алда кешенді жұмыстар тұр.

Сонымен қатар қаладағы ыстық судан ажыратылған 44 үйдің жайы да сөз болды. Еске салайық, наурыздың соңында біздің арнамызда құбырынан жасыл түсті су аққан үйлер жайында бейнематериал берілген. Мамандар оның себебін 3 жылда бір рет өтетін жылу желілері мен энергия тұтынатын нысандарды тексеру шарасымен байланыстырған.

Ыстық сусыз қалған үйлер сол жөндеу жұмыстары кезінде анықталған нысандар болып шықты. Әкімдік өкілдері бұл бағытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал тұрғындардың қашан ыстық суға қол жеткізетіні әзірге белгісіз.