$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Маңғыстау облысындағы емдеу мекемелерінде білікті дәрігерлер тапшы

AstanaTV
14.04.2014ж. 20:00
950
Маңғыстау облысындағы емдеу мекемелерінде білікті дәрігерлер тапшы

Маңғыстау облысындағы емдеу мекемелерінде білікті дәрігерлер тапшы. Жергілікті билік өткір мәселені өзге аймақтардан маман тарту арқылы шешпек. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерге арналған екі жатақхана салуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, өңірде 400-ге тарта дәрігер жетіспейді.

Емханалардағы ұзын-сонар кезек аймақ тұрғындары үшін таңсық емес. Дәрігерлер тапшылығы осындай жағдайға жеткізді. Ақтауда тәжірибелі дәрігерді былай қойғанда, жас маманның өзі жетіспейді.

Мария Синельникова:

Хирург, офтальмолог жоқ мұнда. Тіпті педиатрға деген сұраныс өршіп тұр. Бір ғана балалар дәрігері бар, оған деген кезектің ұшы-қиыры жоқ.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ЖОО бітірген 15 жас маманмен келісім жасасқан. Болашақта жас мамандардың қатарын арттыра түсу жоспарда бар. Венера Рахметова - солардың бірі. Осыдан 3 жыл бұрын Ақтөбедегі медицина институтын бітірген түлек осында келген. Мемлекеттен жәрдем болады дегенді естіп, жолдаманы қалаға емес ауылға алыпты.

Венера Рахметова, офтальмолог-дәрігер:

"Дипломмен ауылға" бағдарламасымен келдім, 2 миллион 400 мыңдай қаржы берілді. Осыған үй алдым, тағы көтерме жәрдемақы берілді. Жақсы, жалақымыз да тәуір, көңілден шығады.

Қазір облыста 400-дей дәрігер жетіспейді. Маманды көрші аймақтардан шақырғанмен,баспана мәселесін шешпей болмайды. Сондықтан дәрігерлерге арнап жатақханалар салу қолға алынбақ.

Алмабек Бисен, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

Мұнайлы ауданында маман тапшылығы ерекше сезіліп отыр. Сондықтан 100 орындық жатақхана салу қарастырылып жатыр. Қазір жобалық-сметалық құжат дайындалу үстінде. Отбасы үлгісіндегі жатақханалар салу бірталай қиындықты шешеді деген үміттеміз.

Нұрлан Тілепов, Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры:

Жас маманды жақсы жалақы беріледі деп шақырамыз. Сондай-ақ оның тұруы үшін қажет баспананы жалға аламыз. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Арнайы құрылыс жүргізілуі тиіс. Келген маманның осында тұрақтап қалуына, жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін әкімдіктің көмегі қажет.

Қазір екі жатақхананың құрылысын салуға облыс әкімдігімен арада келіссөз жүргізіліп жатыр: бірі Мұнайлы ауданында, екіншісі Ақтауда бой көтереді. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге жергілікті қазынадан 20 миллион теңге бөлінген. Егер жұмыстар кестеге сай жүргізілсе, дәрігерлерге арналған жаңа жатақхана келесі жылы бой көтермек.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА