$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Капиталға рахымшылық жасау туралы заң жобасы Парламентке жөнелтіледі

AstanaTV
16.04.2014ж. 20:00
1142
Капиталға рахымшылық жасау туралы заң жобасы Парламентке жөнелтіледі

Ұлттық банк төрағасы капиталға рахымшылық жасау туралы заң жобасы сәуірдің аяғына дейін Парламентке жөнелтілетінін хабарлады. Қайрат Келімбетов: "Қайтқан малда қайыр бар" дегендей, ол қаражат "қиын несиелердің" құрсауында қалған екінші деңгейлі банктердің еңсесін тіктеуге жұмсалады", - дейді. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Менің ойымша, келесі жыл аяғына дейін бұл жұмысты жалғастырсақ біздің банк жүйесіне бірнеше млрд доллар қаржы түседі, соған сенемін. Негізгі мақсат - бұл қаржыны екінші деңгейлі банктерге депозитке салу.

Ал банктердің кезінде оңды солды таратып, енді жинай алмай қалған "проблемалы несиесі" 4 трлн теңгеге жетті. Барлық несиелердің 33 пайызы. Қазақстан үшін бұл тым көп. Салдарынан мемлекеттің экономикасын көтеруге қаржы салуы тиіс банктер өз бастарымен қайғы болып кетті. Оларға қандай да бір жолмен демеу болғысы келген Үкімет тағы да тың қадамдарға бармақ. "1 жыл ішінде қайтарымсыз несиеден арылған банкті салықтан босатуға дайынбыз. Ол үшін салық кодексіне алғашқы өзгерістерді енгіздік",- дейді төраға.

Президент тапсырмасымен проблемалық несиелер қоры құрылып, 250 миллиард теңге құйылмақ. Ал Үкімет инфляцияны тежеу мақсатында коммуналдық тарифтің өсіміне мораторий енгізуі мүмкін. "1 мамырға дейін тарифтерді тежеу туралы шешім бар. Мұның жалғасуы әбден ықтимал", - деді Келімбетов. Ал "көптеген банктер ипотекалық несиеге шектеу қойды енді бұл жүйе тоқтап қалмай ма" деген тілшілерді Бас банкир алаңдамауға шақырды. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Қазір бұл соншалықты күрделі, үлкен проблема емес. Ипотекалық несие жүйесінің болашағы бар. Ол банктердің қолында, біз де оларға көмектесеміз, сонда еш проблема болмайды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА