"Барселона" футбол командасы жеңілістен көз ашар емес. Бұған
дейін Чемпиондар лигасынан тыс қалған Херардо Мартинаның шәкірттері енді
Испания кубогынан құр алақан қалды. Ақтық сында Мадридтің "Реал"
клубымен сынға түскен каталондық футболшылар 2:1 есебімен ұтылып қалды.
Биылғы маусым барысында "Барселона" және "Реал"
командалары екі мәрте кездесіп, екі жолы да каталондық клуб үздік шықты. Енді
міне Испания кубогының финалына шыққан екі ұжым бас жүлде үшін талас жүргізді.
Бұл жолы Карло Анчелоттидің шәкірттері қарап жатпай, бірінші таймның басында
есеп ашты. Қорғаушы мен қақпашыдан айласын асырған Анхель де Мария мүлт
кетпеді.
Бірінші таймда сылбыр қимылдағанына қарамастан үзілістен кейін тез жиналған
"Барселона" футболшылары таразы басын теңестірді. Бұрыштама добына
биік секірген Марк Бартра командаластарының қошеметіне бөленді.
Бұл сәтте де жасымаған Патшалық клубтың футболшылары шабуылдарын тоқтатпай,
кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда каталондық клубтың қақпасына
екінші голды соқты. Бұл сәтте "Барселона" командасының қорғанысын
жеке дара бұзып өткен Гарет Бэйл командасына жеңіс сыйлады.
"Реал" командасы Испания кубогымен шектеліп қалмай, алдағы
уақытта ел чемпионатымен бірге Чемпиондар лигасының бас жүлдесін ұтып алуға
мүмкіндігі бар. Ал "Барселона" командасы соңғы 11 жылдың ішінде
қатарынан үш кездесуде ұтылып, жанкүйерлер сенімін ақтай алмады.
Самат ҚАНАҒАТОВ