$479.05 €534.57 ₽5.17
×

"Қашаған" жобасына 1 мамырдан бастап жаңа басқарушы директор келеді

AstanaTV
23.04.2014ж. 20:00
1446
"Қашаған" жобасына 1 мамырдан бастап жаңа басқарушы директор келеді

"Қашаған" жобасына 1 мамырдан бастап жаңа басқарушы директор келеді. Аталған компанияны 2008 жылдан бері басқарған Пьер Оффан отставкаға кетеді. Оның орнын Стефан де Майю баспақ. Бұл туралы "NCOC" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Стефан де Майю халықаралық мұнай-газ жобаларында ауқымды тәжірибе жинақтаған маман ретінде «ЭксонМобил» компаниясынан тағайындалған. "Оның отыз жылдан астам еңбек өтілі күрделі жобаларды, сонымен қатар түрлі елдерде басқарушы лауазымдағы қызметтерді қамтиды",- делінген баспасөз хабарламасында.

Компания басшылығы бүгін Атырау облысы әкімінің қабылдауында болып, Каспийдің солтүстік бөлігінен мұнай алу жұмысын жеделдету жайын талқылады.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Мен алдағы уақытта да сіздердің "Қашаған" секілді мазмұнды жобаны жеделдетіп және ең бастысы сапалы іске қосылуы жолында аянбай еңбектенеді деп сенемін. Пьер Оффан бастаған команда жемісті жұмыс атқарды. Жаңа басшыға оңай тимейтіні анық. Өйткені ол да күрмеуі қиын мәселелер қалыптасқан мезгілде келіп отыр. Өз тарапымнан мәселелерді шешу үшін бар күшімді саламын деп сендіремін.

"Қашаған" кен орнында мұнай өндіру 2015 жылдың аяғында басталады. Бұл туралы "Блумберг" ақпарат агентігі, Total компаниясының барлау және өндіру бойынша президенті Ив-Луи Дарикарэраға сілтеме жасай отырып, ақпар таратты. Онда биыл Қашағаннан шамамен 2 миллион тонна ғана қара алтын өндіріледі деп жоспарланып отыр делінген.

Айта кетейік, әу-баста 2014 жылы 8 миллион тонна мұнай аламыз деп хабарланған еді. Қазір кен орнында жүмыс тоқтап тұр. Оған құбыр бойынан газ жіберу фактісі себеп болған. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қашағанда коммерциялық мұнай өндірісі 2014 жылы басталмауы мүмкін екенін жуырда Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев та айтқан болатын.

Еске салайық, Қашағанда өндіріс жұмысы өткен жылдың қыркүйек айында басталмай жатып, тоқтаған еді. Ал Қашағанның геологиялық мұнай қоры 4,8 миллиард тонна деп бағаланып отыр.

Базаргүл ІЗІМОВА