Осы аптада бес өңірде жылу беру маусымы басталады, деп хабарлайды AstanaTV.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, жылыту маусымы бес өңірде басталған. Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласы. Енді тағы бес аймақ жылуға қосылады.
Ауа райы көрсеткіштеріне қарай, осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде – Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымының басталуы күтілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры мен жабдық құрамы қалыптастырылды. 17 мың км электр беру желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды, төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Сондай-ақ жылу желілерінің жалпы дайындығы жоспардағы 377 км-дің 374 км-ін немесе 99%-ын құрайды, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.