$489.36 €533.45 ₽4.99
×

Ақмола облысындағы Талапкер елді мекенінде тұрғындар көктем сайын топан судан көз ашпайды

AstanaTV
18.04.2014ж. 20:00
2271
Ақмола облысындағы Талапкер елді мекенінде тұрғындар көктем сайын топан судан көз ашпайды

Ақмола облысындағы Талапкер елді мекенінде жақын арада судан қорғайтын бөгет салмаса, тұрғындар көктем сайын топан судан көз ашпайды. Жер үлестіру кезіндегі олқылық пен сол кездегі басшылықтың сауатсыз жоспарлауының зардабын бүгін қарапайым жұрт көріп отыр.

Бірнеше күннен бері тасқынмен арпалысып жатқан ауылдағы ахуалға байланысты жергілікті биліктің берген бағасы осы. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған тұрғындар баспаналарына кіруден қалды. Тілшіміз Азамат Алдоңғаров оқиға орнында болып қайтты. 

Бұл Көкпекті емес, Астана маңындағы Талапкер ауылды мекені. Ауылды су шайғалы бірнеше күн болды. Қарапайым жұрттың жағдайын сұрасып тұрғанда, мына менің артымдағы үйдің қабырғасы ортасына түсті. ТЖМ-нен де, әкімдіктен де алдын ала келіп, ешқандай ескертпелер жасалмаған. Халық қазір белуардан су кешіп, қиындықтарымен өздері ғана күресіп жатыр.

Талапкерге табан тірегенде, әйгілі Венеция еске түседі. Италияның су үстінде салынған шахары. Күні кеше Астанадан да Есіл үстінде арман жасаймын деген жапондық сәулетші Кисе Курокаваның жоспарын табиғаттың өзі жасап берді.

Мұңын шаққандардың саны көп. Бәрін тыңдау мүмкін емес. Үйден үйге жету қиын. Ғайни апаның үйі оқиғаның қақ ортасында қалып отыр. "Балаларым күндіз жұмыста, немеремді қауіпсіздеу көршімнің үйіне апарып тастадым, үйде отыруға қорқамын", - деп бізді аулада қарсы алды.

Ғайни Сағымбаева, ауыл тұрғыны:

Мешок дегенің ерунда болып қалды. Көріп отырсың ғой, әне сарылдап ағып жатыр. Бес күн болды қоршап алды, жүріңдер, бері қарай жүріңдер.

Кезінде Талапкерде үй салғысы келгендерге, жер телімдері үлестірілген. Бірақ инфрақұрылымды салуды тұрғындардың өздеріне тапсырыпты. Дегенмен тек 12 үй 20 мың теңгеден жинап, тас төккізіп, жол төсетіпті. Алайда оның өзін биыл су шайып кетті.

Балзия Есенбаева, ауыл тұрғыны:

Біз қайдан білейік, бұл жерде бұндай болатынын. Білсек келмейтін едік, мұндай су болса. Бір кісілер солай сұрап жатыр, бұл жерден неге жер алдыңдар деп.

Бұл жерлер ел қонбас бұрын ескі Талапкер шағын ауылының мал өрісі, шалғындық орны болған көрінеді. Жауын-шашын мол болған жылдары судың бұрынғы алпыс үйлік ауылдың етегіне дейін көлкіп келетіні қалыпты құбылыс екен. "Бұл жолғы су да арнасынан асқан Есілдің суы", - деді аудан әкімі.

Бақберген Мәуленов, Целиноград ауданының әкімі:

Осы жерде жұмыс істеп жатқанымызға 19 күн болды. ЧС жарияладық Целиноград ауданында. Одан бөлек бізде 7 көл бар еді, соның суының бәрі ана жақтан келді.

Аудан басшысының айтуынша, Талапкерді тасқыннан біржолата қорғайтын жалғыз амал бар: түбінде бір дамбы салып, суға тосқауыл керек.

Бақберген Мәуленов, Целиноград ауданының әкімі:

Қазір біз ұсыныс жасап жатырмыз - осы өзеннің айналасын обволовка жасап, дамбы көтеруге. Ұсыныстарды облыс әкімдігіне, Үкіметке ұсыныстар жасап жатырмыз. Өйткені бұл ауыл судың табанында отыр.

Үкімет қарарында дамбыдан бөлек, Астанадан 30 шақырым алшақ қонған ауылдарды елорда келбетіне сай көркейтуді көздейтін жоба жатыр. Оның іске асуына әлі қанша уақыт бары белгісіз. Тасқын мәселесі түбегейлі шешілмейінше, ол жоба да бекер.

Дәл қазір мына жерде сырттан келген суды уақытша тежеп тұратын бекініс құрылысы жүріп жатыр. Келген судың беті дәл қашан қайтатыны әзір белгісіз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ