Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды

AstanaTV
18.04.2014ж. 20:00
1369
2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды

2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Сонымен қатар 2015 жыл Астана Бейбітшілік пен Келісім қаласы атты ұранмен өтеді. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 21 сессиясында мәлімдеді.

Татулық пен бірліктің беріктігіне баса мән берген Елбасы интеграциялар туралы да аз айтпады. Мәселен Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге Астанада қол қойылатынын атап өтті. Маңызды жиын «Қазақстан - 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбының аясында өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайы атына заты сай. Қазақстан халқы ассамблеясының 21 сессиясы әдеттегідей осы ғимаратта шақырылды. Алқалы жиынға еліміздің түкпір түкпірінен 400-ден астам делегат қатысып жатыр. Кең байтақ қазақ даласында бытырап жатқан 130 ұлттың өкілін ассамблея сессиясы ғана бір жерге жинайтын шығар.

Ассамблея мүшелері түрлі ұлт өкілдері көздің жауын алар сан түрлі ұлттық киімдерін киіп соңғы әзірліктің үстінде. Барлығының аузынан шыққан сөз - ортақ.

Президент те көп күттірген жоқ. 21 сессияны салтанатты түрде ашып, жиынды ұлы Жамбылдың дана сөзімен бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген сөз бар. Бүгінгі сессияның өзегі бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті ел болмысымыздың кепілі. Мәдениет тіршіліктің тірегі. Ортақ игіліктің ұлықталып ұлы істерге ұйымдастырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім - бәрінің тамыры мәдениетте.

Руханият пен келісімнен соң Елбасы интеграция туралы айта келе, Еуразиялық экономикалық одақ тиімді-тиімсіз деген сынды үстірт әңгімелерге тойтарыс беруі қажет деп қадады. "Әсіресе 21 ғасырда есік-тереземізді жауып, етек-жеңімізді қымтап отыра алмаймыз", - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Интеграция ел тәуелсіздігіне еш қауіп төндірмейді. Керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді. Алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады. Бәсекелестік қабілетімізді шыңдайды.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, Украинадағы жағдай басқаларға сабақ болуы тиіс деді. Бүгінде елімізде 300 мыңнан астам украиндық тұрып жатқанынын тілге тиек еткен Елбасы Украина ішкі мәселелерін ешкімнің араласуынсыз өздері шешулері қажеттігін ескертті. Ал жиынға қатысқан украиндық казактар Нұрсұлтан Назарбаевты «Алтын жұлдыз» медалімен марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мы уверены в том, что народ Украины сам должен решить свои внутренние проблемы без вмешательства из вне, путем мирных переговоров со всеми заинтересованными сторонами. Мы только сопереживаем и принимаем активное участие, чтобы так было. И пример того, что там происходит, должен заставить задуматься каждого из нас.

2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ретінде жарияланды. Және алдағы жылы Астанада Қазақстан халқының форумы өтетін болды. Тағы бір жағымды жаңалық - Ұлы Жеңістің 70 ескерткіші орнатылатын болды. Жиынның басын бейбітшіліктен бастаған Елбасы сөзінің соңын да татулық, бірлік, достық сөздерінің аясында топтастырды. Өйткені ауызбіршілік болмаса, тұрақтылық пен бейбіт өмірдің көзден бұлбұл ұшары айқын.


Президенттен кейін сөз алған делегаттар сессияның көркін қыздырып, делегаттарды күлкіге қарық қылды. Мәселен, бірінші болып сөз сөйлеген. 43 жыл ішінде 520 литр қан тапсырған. Сөйтіп ол әлемдегі екінші донор екенін айтып мақтанды. Тіпті Мұқағалидай ақынның «Мен донормын» өлеңін жатқа соқты.

Мінберге бұдан соң көтерілген делегаттар да шеттерінен өнерлі болып шықты. Бірі өлеңін оқыса, енді бірі Елбасына ән салып берді.

Жиын соңында Президент Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді «Құрмет» орденімен марапаттады. Ал сессия соңы әдеттегідей думан-концертпен жалғасты.

Айгүл ӘДЕПБАЙ