Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

55/47 әскери бөлімі сарбаздары дизентерияға сапасыз ауыз судың кесірінен шалдыққан

AstanaTV
18.04.2014ж. 20:00
2047
55/47 әскери бөлімі сарбаздары дизентерияға сапасыз ауыз судың кесірінен шалдыққан

Қызылорда облысы Тұтынушылар құқын қорғау департаменті ішкі істер сарбаздарының улануына қатысты алдын-ала тұжырымдаманы көп күттіріп, бүгін жариялады. Анықталғаны, 55/47 әскери бөлімі сарбаздары жаппай дизентерияға сапасыз ауыз судың кесірінен шалдыққан. 13 сәуірде алынған 7 су сынамасы судың құрамы сапасыз екенін көрсеткен.

Мэлс Жұбатқанов, Қызылорда облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Дизентерия "Флекснера-2" тип "А" деген ауру қоздырғышы шықты. Ол негізінен ауыз судан табылған деген болжам жасауға мүмкіндік береді. 17-сі күні су зазалсыздандыруға алдын-ала дайындық жасап, кеше жұмысын толығымен аяқтадық. Енді 21-і күні Қызылжарма округінде суды залалсыздадыру іс-шарасы жоспарлануда.

Есжан Сыбанбаев, Қызылорда гарнизоны әскери прокуроры:

Ол бойынша қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазіргі СЭСтің қорытындысы бойынша судан бактериялардың көп мөлшерде табылуы және сол сумен жуылған асханадағы ыдыс-аяқ, аспаздың қолынан ішек қоздырғыш палочкалары табылғаны анықталып отыр.

Осы жайтқа қатысты облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада, "жаппай ішек ауруы Қызылжарма ауылы тұрғындарынан табылмағанына қарағанда, дизентерия ошағы бір жерде шоғырланған" деген жорамал келтірілген. Яғни жергілікті биліктің дерегінше, инфекция әскери бөлімінің ішкі су жүйесінен ғана тарауы мүмкін.

Сарбаздардың жаппай улану дерегі бойынша әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады. Еске салайық Қызылжарма ауылындағы әскери бөлімде борыш өтеуші 52 сарбаз жексенбіден бері Қызылорда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті.

Шарипа САҚТАПОВА