Батыс Қазақстанды мекендеген ақбөкендер биыл 5 мыңдай басқа көбейді.
Киіктерді әуеден санаған мамандар осындай мәлімет таратып отыр. Дегенмен
жануарларды санау әлі жалғасып жатыр. Cоңғы кезде киіктерді халықаралық
әдістеме бойынша санау жұмыстары техниканың көмегімен жасалады.
Ұшақ сағатына
150 шақырым жылдамдықпен ұшқан кезде үйір-үйір киікті 3-4 секундта санап шығу
мүмкін емес. Сондықтан киіктер алдымен фотоға түсіріліп, кейін бұл суретті
компьютерге салу арқылы олардың саны нақтыланады. Бірақ көктем шыға бес қаруын
сайлайтын браконьерлер санақшыларды алаңдатып отыр. Осы кезде лағын өргізетін
киіктер қарақшылардың құрбаны болып жатады.
Хайролла Кенжегареев, БҚО орман және аң
шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
Өткен жылғы санақ кезінде шамамен
10 мың бас киік бар екені анықталған болатын. Ал биылғы жылы киіктер саны 15 мыңнан
асады деп алдын ала болжап отырмыз. Бөкендердің жағдайы жақсы, азығы мен су
ішетін суат та жеткілікті. Бірақ күн жылына жортуылға шығатын браконьерлердің
бас көтеруінен алаңдап отырмыз.
Еркін ҚАРИН