$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Астанада Еуразиялық медиа форум жұмысын бастады

AstanaTV
24.04.2014ж. 20:00
944
Астанада Еуразиялық медиа форум жұмысын бастады

Астанада Еуразиялық медиа форум жұмысын бастады. Биыл 12 рет өтіп отырған жиында 40-тан астам елдің азулы деген медиа сарапшылары бас қосты. Бүкіл әлемді алаңдатқан тақырыптар талқыға салынды.

Форум халықаралық саяси жағдайлардың күрделі сипат алған тұсында өткізіліп жатыр. Осыны ескерсек, көпшіліктің бұл басқосуда «не айтылар екен» деп елеңдейтіні сөзсіз. Биылғы форумның ғаламдық мәселелерді көтеруге ұмтылғанын айта кеткен жөн. Осыған дейінгі жиындарда көбіне медиа кеңістіктегі мәселелерге назар аударылатын. Бұл жолғы басқосудың көкжиегі кәдімгідей кеңейе түскен. Ауқымды тақырыптар қозғалған жиынның алғашқы күнінде не айтылды? Базаргүл Отыншиева толығырақ.

«Батыс пен Шығыстың байланысы». «Сирия мен Украинадағы ахуал». «Еуразиялық интеграция үдерісі». «Иранның ядролық бағдарламасы мен Таяу Шығыстағы ахуал». Екі күн бойы әлемнің әр түкпірінен келген ықпалды саясаткерлер талқылайтын тақырып - сан қилы.

Осы тұста сәл шегініс жасасақ, биыл мүшелге шыққан медиа жиын халықаралық тұрғыда танылды. Күнде өзгеріп жатқан жаһандық жүйеде «жегі құртқа» айналған талай мәселені «су бетіне шығарды». Оларды шешудің тың тәсілдерін ойластыратын алаңға айналды. Форум қатысушыларына арнаған құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұны лайықты атап өткен. Жиналғандар Президенттің лебізін мемлекеттік хатшыдан естіді.

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Соңғы уақытта болған оқиғалар этносаралық татулықтың маңыздылығын көрсетті. Бұл үдеріске бейбітшілік пен бірлікті қамтамасыз ету арқылы Қазақстан да лайықты үлес қосып келеді. Бүгінде 2050 жылға дейінгі еліміздің даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Ұлтаралық келісімді нығайту, татулық, бірлік, тұрақтылық - негізгі басымдық ретінде қарастырылған. Медиа форум аясындағы сындарлы сұхбаттар өзара түсіністік пен сенімді нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенемін!

Еуразиялық медиа форум биыл екінші жыл Астанада өтіп отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі құжатқа алдағы мамырда дәл осы шахарда қол қою жоспарланғанын ескерсек, мұның да өзіндік мәні бар. Бұл тұста «елдің иммиджі», «қалам ұстаған қауымның» еркіндік деген осы екен деп аузына келгенді айтуының арты неге апарып соғары да сөз болмай қалмады. Әлемнің азулы сарапшылары, экономистер мен журналистер алдында форумның негізгі ұйымдастырушысы - Дариға Назарбаева әлеуметтік желілер мәселесін қозғады.

Дариға Назарбаева, Еуразиялық медиа форумның ұйымдастыру комитеті төрайымы:

Украинадағы ахуалға қатысты өтірік пен өсектің тасқыны лап етті. Жалған ақпардың дені әлеуметтік желі мен блогтар арқылы таралуда. Түркия YouTube пен Twitter-ге тосқауыл қойды. Ресей Думасы танымал блогерлерді БАҚ-на теңестіретін заң жобасын қабылдады. Қызу талқылау көз алдымызда жүріп жатыр. Осында отырғандар сөз бостандығын жақтайды деп ойлаймын. Әйтсе де, бұқаралық медианың жауапкершілігін де сезінуге тиіспіз. Қоғамның ішіне іріткі салатын дәл осы жауапсыздық. Танымал әлеуметтік желілер кейде балағаттау, бір-бірін кінәлау, сұмдықты төндіру алаңына айналып кетеді. Қоғам өзін электронды вирустың кеселінен қорғауы тиіс.

Медиа форум барысында АҚШ пен Ресей арасында қалыптасқан күрделі ахуал да қамтылмай қалмады. Ресейлік танымал тележүргізуші, журналист Владимир Познер бұл жағдайды идеологияға теңеу мүлде қате деген сарындағы ойын бүкпесіз жайып салды.

Владимир Познер, тележүргізуші, Ресей:

Қазіргі болып жатқан жағдайды «қырғи-қабақ соғыс» деуге келмейді. Сонау 20 ғасырдың «жылымық» жылдарындағы осы аттас «соғыс» - идеологиялар қақтығысы болатын. Көпшілігіміз осындай кезеңде ер жеттік. Қауіпті болды. Бірақ осы күні тағы да «қырғи-қабақ соғыс» деген сөз жиі қолданыла бастады. Мен бұл терминологиямен абай болу керек дегім келеді.

Сан қырлы саланы сөз еткен спикерлер Каспийді бөлісу жайын айналып өтпеді. Күні кеше Ресей астанасында «Каспий бестігі» елдері сыртқы істер министрлері көтерген жәйттер көп сарапшыны бей-жай қалдырмаған. Теңіз тағдыры талқыға түскенде, үшінші елдердің Каспийге әскери күштерін орналастыруына шектеу енгізу жанына "майдай жаққандар" бар.

Юрий Солозобов, Ұлттық стратегия институты арнайы жобалар директоры, Ресей:

Бұл мәселені тиімді шешуге күшіміз де ақылымыз да жетеді. Иә, біздің Иран секілді «келісімге келуі қиынға соғады-ау» дейтіндей әріптесіміз бар. Алайда Қазақстан мен Ресейдің қалыптасқан ахуалдың оңтайлы шешімін табу тұрғысындағы ойы бір жерден шықты. Әзірбайжан мен Түрікменстан да теріс қабақ танытқан жоқ. Иран да «басын ала қашады» деп ойламаймын. Тағы бір айта кетерлігі, бізге бөтен, үшінші елдердің әскери күші мен қалқымалы радары бар кемелерінің жүзіп жүргенінің түкке де қажеті жоқ.

12 жылда Еуразия медиа форумына әлемнің 60 елінен 5 мыңдай сарапшы қатысты. 500-ден астам қазақстандық және шетелдік БАҚ хабар таратты. Биыл 46 елден спикер шақырылған. Алайда Сирияның, Австрияның, Украинаның және АҚШ-тың кейбір сарапшылары дәл жиын қарсаңында қатысудан бас тартты. Оған бір сессияда сөз сөйлейтін өзге спикерлердің саяси ұстанымымен келіспеуі себеп.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА