Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Көкпектінің тұрғындарына жаңа үйлердің құрылысы мамырдағы мерекелерден кейін басталады

AstanaTV
25.04.2014ж. 20:00
1201
Көкпектінің тұрғындарына жаңа үйлердің құрылысы мамырдағы мерекелерден кейін басталады

Қара судан жапа шеккен Көкпекті ауылының тұрғындарына арналған жаңа үйлердің құрылысы мамырдағы мерекелерден кейін басталады. Қар суы шайып әкеткен үйлер бұзылып, оның орнына жаңадан 51 баспана салынады.

Бұл туралы тұрғындармен кездесуде Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев хабарлады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдеріне несиелерін кешіктіріп төлеуге мүмкіндік беріліп, тұрғындарға үй жиһаздары мен өзге де керек-жарақтарын сатып алуға да көмек көрсетіледі. 

Облыс басшысымен кездесуге ауыл халқы тайлы тұяғы қалмай жиналды. Өйткені мұнда түйткілді мәселелер жетерлік. Жаңа баспаналар салу туралы шенеуніктердің жаңалығы жиналған жұртты бір қуантып тастады. Айтуларынша, қазір геологтар құрылысқа төзімді топырақ қыртысын зерттеуге кіріскен.

Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:

Салынар үйлердің бағасы мемлекеттік бағдарламадағыдай - әр шаршы метрін 80 мың теңге деп алып отырмыз. Салынар үйлердің құрылысына қажетті 308 миллион теңге облыс резервінен бөлінеді. Сондықтан бұл үлкен іске үй иелерінің де көмектесіп, ат салысуын сұраймын.

Сондай-ақ, зардап шеккен отбасыларға техника мен үй жиһаздары сатып әперіледі немесе бұл бұйымдардың ақшалай құны беріледі. Бұл мақсатқа 120 миллион теңге қарастырылып отырғаны айтылды. Ал апатқа себепкер болғандардың соты біткеннен кейін, олардан келген шығынды өндіріп алу ісімен облыс басшылығы өзі айналысатын болды. Өз үйлерін өздері жөндемек болған 167 тұрғынға мемлекет қаржылай қолдау көрсетпек.

Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:

Жөнделер әр шаршы метрдің құнын 9 мың теңге деп отырмыз. Бұл қаржы Көкпекті тұрғындарының есеп-шотына аударылады. Кейін олар бұл істі өздері сенген мердігер мекемелерге тапсыра алады.

Ал жоғалған әрбір ірі қара үшін иелеріне 200 мың теңгеден төленеді. Көкпекті ауылымен бірге Қарағанды қаласы маңындағы Сортировка елді мекенін де қалпына келтіру жоспарда бар. 31 наурызда мұнда да біршама үй бүлінген.

Жәмилә Кәрімова:

Туыстарымыздың үйінде тұрып жатырмыз, сентябрьге дейін салып береміз деп жатыр. Малымызға бола келеміз таңертең бір машинамен, кешке - бір машинамен. Малымызға алаңдаймыз. Бірақ милициялар күзет қоямыз деп жатыр.

Сортировка аудындағы бүлінген үйлердің барлық шығыны қала бюджетінен өтеледі. Әзірге аталған елді мекеннің шығын көлемі толықтай есептеліп бітпеген. Ал бұзылған бөгет болса, әзір басы ашық күйі қалып тұр. Бұл нысан мемлекеттің коммуналдық меншігіне өткеннен кейін ғана, қандай да бір шешім қабылданбақ.

Еркін ҚАРИН

Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық