Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда балық сатушыларға жаңа талап қойылды

AstanaTV
25.04.2014ж. 20:00
2280
Атырауда балық сатушыларға жаңа талап қойылды

Атырауда балық сатушыларға жаңа талап қойылды. Тауардың заңды жолмен ауланғанын дәлелдесе ғана, сатуға болады. Осылайша мемлекеттік қадағалаушы орган су маржандарына қол салған браконьерлердің жолын кеспек.

Қазір аймақта "Бекіре-2014" операциясы басталды. Осы шараға сәйкес кез-келген құқық қорғаушы маман базардағы саудагерден балықтың құжатын сұрай алады. Аймақтағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы балық саудасын бақылап қайтты.

Райса Тұмышева көптен бері балық сатып, отбасын асырап жүр. Ол бұрын балықты балықшылардан құжаты болмаса да, көтерме бағамен алып, сауда көрігін қыздыра беретін. Ал былтырдан бері балық кооперативтерімен келісімшартқа отырған. Енді құжаты бар, заңды түрде ауланған балықты ғана сатады.

Райса Тұмышева, балық сатушы:

Құжаттарымыз бар. «Каспий балықпен» жұмыс жасаймыз, Ганюшкиннің Утера селосындағы. Солардан сазан, судак аламыз. Келісімшартқа бір жылға отырдық. Былтыр «Востокпен» жасадық.

Бірақ аймақтағы балық сатушылардың қолында мұндай құжаты бары бірен-саран. Отбасын осы кәсіппен ғана асырап жүргендер ұтымды бағамен келген ұсыныстан бас тартпайды. Тіпті балықтың қайдан келгеніне де назар аудармайтындарын жасырмайды.

Бұрын енді аулап алып келгендерден алдық қой жаңағы, қайдан білейін қайдан келгенін, әйтеуір келді ғой базарға.

Соңғы кезде браконьерлермен күресті күшейткен қадағалаушы орган базар сөрелерін де тексеруді жиілетті. Амалы таусылған саудагерлер аймақтағы 15 шақты балық кооперативін жағалап жүр. Айтуларынша, олардың да келісетіндері кем де кем. Бұл іске енді кәсіпкерлік палатасы араласты. 40 шақты сатушыны шаруашылықтарға бөліп бекітіп отыр.

Асылбек Жәкиев, Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы:

Өндірістік кооперативтердің әрқайсысы 4-5 жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасатын болды. Біз бұл арқылы кәсіпкерлік мәселесін ғана емес, әлеуметтік мәселені шешіп отырмыз. Себебі кәсіпкерлердің көбі әйелдер, және олардың көбі отбасының жалғыз асыраушылары. Қалалық әкімдік бар, балықшылар қоғамы бар сараптама жүргіздік. Қазір мәселені жан-жақты зерделеп, жоғарғы құзырлы органдарға хат дайындап жатырмыз.

Бұрын 5 кәсіпкермен шарт жасасып келген «Ракуша» өндірістік кооперативі, тағы 6 сатушыға балық беретін болды. Кооперативтің ауланған балықтары Украина, Беларусь, Ресей, Азербайжан елдеріне экспортталады.

Сырлыбай Қожамұрат, «Ракуша» ӨК жетекшісі:

Бәріне бірдей күнбе күн бере алмаймыз. Бірақ келісімшарт жасап, анда-санда қолдан келгенше, көмегімізді жасап жатырмыз. Біздің жыл он екі айда істейтініміз - бар болғаны екі-үш ай. Сондықтан да біз тек қана жұмыс істеп жүрген кезде ғана бере аламыз балықты.

Алайда аймақта өнімнің бұл түріне жылдың қай мезгілінде де сауда тоқтамайды. Сондықтан саудагерлердің маусымнан тыс кезде тауарды қайдан алатынын әзірге ешкім дөп басып айта алмады.

Базаргүл ІЗІМОВА

 

Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық