Атырауда парамен ұсталып, кейін
ауруханадан қашып кеткен Исатай аудандық ІІБ бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің
мәйіті табылды. Кеше күндіз Гурьевский көшесіндегі салынып жатқан нысандардың
бірінен 32 жастағы полиция майорының денесі табылған. Ол жіпке асылып, өз-өзіне қол салғанға ұқсайды. Зорлық
белгілері байқалмайды, - дейді полицейдің өлімін
растаған ІІМ баспасөз қызметі. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып,
тексеру амалдары жүргізілуде.
Еске салайық, қаржы полициясы шендіні
21-ші сәуірде 250 мың теңге пара және 3 келі қара уылдырық алу кезінде ұстаған
болатын. Сол кезде «браконьерлерге қамқорлық көрсетті» деген күдікпен жауап
алған еді.
Артынша денсаулығына шағымданған
күдікті қан қысымының жоғарылауына байланысты Атырау облыстық кардиологиялық
орталыққа жеткізілген. Бірақ таңға жуық терезе арқылы қашып кеткен. Марқұмның
артында ата-анасы, жары мен үш кішкентай баласы қалды.