$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Халықаралық «Түркістан» газетіне 20 жыл толды

AstanaTV
28.04.2014ж. 20:00
1788
Халықаралық «Түркістан» газетіне 20 жыл толды

Қазақтың баспасөз кеңістігінде өзіндік үні бар халықаралық «Түркістан» газетіне 20 жыл толды. Басылым ел тәуелсіздігімен қатар дамып, қазақтың ұлттық мәселелерін әрбір мақалаға арқау етті. Ықылым замандардан бері барша түркі халықтарының қара шаңырағы болған Түркістанның атын қастерлеп, атау етіп алған үнқағаз соңғы жылдары «Нұрмедиа» холдингінің құрамында жаңаша даму жолына түсті. Газеттің мультимедиалық нұсқасы пайда болып, оқырманын еселей түсті. Өткен демалыс күндері басылым ұжымы өзінің мерейтойын Алматыда зиялы қауым арасында атап өтті.

«Түркістан» 1993 жылғы Үкімет қаулысынан соң, көп ұзамай-ақ қалың оқырманға жол тартты. Оның алғашқы санын мемлекеттік тілде ақпарат алуға сусап отырған оқырман ерекше ықыласпен қабылдады. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан, басылым шама-шарқынша шығып тұрды. Газеттің «Түркістан» деп аталуының негізінде кешегі Алаш арыстары Мұстафа Шоқайдың, Тұрар Рысқұловтардың көтерген «түркі» идеясы жатты. 

Тынышбек Дайрабай, басылым ардагері:

Алғаш генерал Гауфманның мұрындық болуымен ашылған «Туркестанская ведомость» деген газет болған, соның жалғасы іспетес ашылса деген идея болды. Алайда, кейін Түркиямен, Өзбекстанмен, Қарақалпақстанмен байланыс орнады. Сосын оның статусы «халықаралық газет» деп өзгертілді.

Газеттің алғашқы бас редакторы әрі құрушысы Қалтай Мұхаметжанов өз үзеңгілестерімен басылымның ауыр жүгін арқалады. «Қазақтың Қалекеңі» аталған талантты тұлғамен Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сейфолла Оспан, Әбдірәш Жәмішев «Түркістанды» өрге сүйреді. Одан кейінгі толқын жазушы-публицистер Дидахмет Әшімханұлы, Жаңабек Шағатай, Шәмшиддин Паттеев, Таңсұлу Алдабергенқызы және Көлбай Адырбекұлдары газетті жаңа белеске көтерді.

Шәмшидин Паттеев, «Түркістан» газетінің бас редакторы:

Ең басты мәселе - 23 жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздік алғаны болса, сол кездегі мәселе әлі күнге маңыздылығын жоғалтпай келеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Әлемдік қауымдастыққа танылып үлгергергенімен, біртұтас болып қоғам қалыптасып біткен жоқ. Сондықтан «Түркістан» газетінің бір тақырыбы - осы біртұстастыққа септігін тигізу.

Жиырма жылда ақпарат айдыныныда шыңдалған басылым өз мерейтойын арнайы атап өтті. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрына игі жақсылар газет ұжымын құттықтап, өнер майталмандары ән-жырдан шау шашты. Елордадан әдейі ат басын бұрған құрметті меймандар «Түркістан» ұжымына ізгі тілектерін арнаған.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Басылым тарихы айтулы оқиғаларға толы. Айталық, газет бетінде алтын бесігіміз - ауыл тақырыбын кеңінен көтеріп жатқан тұста Мемлекет басшысының редакцияға телефон шалып, қолдау білдіргенін газет журналистері әлі күнге мақтанышпен еске алады. Сонымен қатар, Президентіміздің кезінде көкейтесті мәселелер бойынша жазылған үш бірдей мақала бойынша Үкіметке тапсырма бергені де белгілі. Газет жұмысының үнемі жоғары назарда болғанын осыдан-ақ көреміз.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы елең-алаң шағында жарық көрген «Түркістан» қазақ газеттерінің қатарын көбейтті. Бірақ ұлттық баспасөзге жаңа сапа, соны серпін әкелу үшін басылымға тұрақты қолдау қажет болды. «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Нұрмедиа» холдингі осы тұрғыдан басылымды қолтығынан демеп, еркін тыныстауына жол ашты. Содан бері газет Елбасының жүргізіп отырған саясатымен үндестікте алға жылжып келеді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Енді халқымыздың алдына «2050-Стратегиясында» өркениетті 30 елдің қатарына ену мақсаты қойылып отыр. Бұл мақсатқа жету дегеніміз - Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекетімізді жасампаз ету, бабалар мұраты - шынайы Мәңгілік ел болу деген сөз. Ол үшін өзгелермен экономикалық тең терезелі тығыз қарым-қатынаста болуымыз керектігі айғақ. 

Ақпарат таратудың көздері өзгеріп жатыр. Оқырман бұрынғыдай газетпен ғана шектелмей, интернет арқылы да өздеріне керек мәліметті тауып алады. Қоғамның түйіткілін жан-жақты талдап, оқырманға объективті материал ұсыну Түркістанның әрбір қызметкеріне жүктелген міндет.

Есенгүл Кәпқызы, басылымның веб-редакторы:

Бір нәрсені айту керек - қазір біздің сайтымыздың оқырманы қағаздағы нұсқасынан артты. Отыз мың адам ай сайын сайтты қарайды. Әсіресе әлеуметтік желілерді де оқылып, өз пікірлері мен ойларын айтып жатады.

Жас буынның жаңаша көзқарасы басылымның ақпарат кеңістігіндегі өзіндік сара жолын қалыптастырып жатыр. Алдағы уақытта да саяси-сараптамалық мақалалар, танымдық материалдар оқырманның көкірек көзін ашып, көкжиегін кеңейте түспек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ