$474.72 €515.17 ₽5.58
×

СҚО-дағы ауыл халқы үйлерін тастап, жаппай көшіп жатыр

AstanaTV
29.04.2014ж. 20:00
1143
СҚО-дағы ауыл халқы үйлерін тастап, жаппай көшіп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл халқы үйлерін тастап, жаппай басқа жаққа көшіп жатыр. Бір қызығы, қарашаның басым бөлігі болашағы бұлыңғыр ауыл тұрғындары емес, әлеуеті зор елді мекен жұрты. Әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері берген мәліметке сүйенсек, бүгінде Теріскейдің 25 ауылында халық саны күн санап, азайып барады. Мәселенің мәнісіне әріптесім Абзал Құрманкин тереңдеді. 

Доброволь елді мекені Черкас ауылдық округіне жатады. Кеңес Одағы кезінде бұл ауылда түтін саны 200-ден асып жығылған. Қазіргі жағдайы болса, алаңдатарлық. 4 айда 13 отбасы қоныс аударған.

Доброволь ауылында осындай қаңырап бос тұрған баспаналарда қисап жоқ. Көшуге бел буған адамдар мұндай сап-сау үйлерін сата алмай, тастап кетіп отырады. Тұрғындардың айтуынша, қазір елді мекенде жан біткен үйлердің саны небәрі 50-дің өзіне әзер жетеді.

Ержан Арбабаев ауыл жұртының кетуіне жергілікті кәсіпорынды кінәлап отыр. Айтуынша, іскерлер жұмысшылардың терлеп тапқан нәпақаларын уақытында төлемейді. Әділетсіздіктен әбден шаршаған ол жұмысын тастап, мал шаруашылығына бетбұрыс жасады. Қазір төрт түлікті көбейткеннің арқасында берекеге қол жеткізіп отыр.

Ержан Арбабаев, Доброволь ауылының тұрғыны:

Жалақы бермейді. Жылына 5-6 мың ғана төлейді. Аванс береді, болды, сол ақша -  жалақы. Біздің жалақымыз аз, 20 мың айына, сол төлейтіні. Қағазға жазады, ақшаны бермейді. Кісілер солай тұрады. Үйдің малымен, мал ұстайды. Сүт тапсырады, сонымен тұрады.

Доброволь елді мекені болашағы жоқ ауылдардың қатарына жатпайды. Керісінше, 150 балаға шақталған мектебі, 3 дүкені мен жеке медициналық бекеті бар. Алайда ауыл тіршілігін тоздырып жатқан басты түйткіл - жұмыссыздық. Жергілікті халықтың пайымы осы.

Юлия Гаврик, Черкас ауылдық округінің әкімі:

Бүкіл проблема «Трансавтоға» келіп тіреледі. Жұмысшылардың жалақысы төмен. Ауылда бар жағдай жасалған. Жақын арада Ақбұлақ бағдарламасы аясында су өткізіледі. Бірақ қаражаттың тапшылығынан жұрт кетуге мәжбүр.

Облыс көлемінде де миграция көрсеткіштері мәз емес. Тек былтырдың өзінде кеткендер саны, келушілерге қарағанда 2 есе артық.

Алмаз Қошманов, СҚО жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқамасы басшысының орынбасары:

2013 жылы Солтүстік Қазақстаннан 5257 адам кетіп, 2775 адам қайтып келді. Демек, теріс сальдо. Бізде болашағы жоқ ауылдардың тұрғындарын көшіру бағдарламасы жұмыс істейді. Осының аясында биыл 37 отбасыны жаңа баспаналарға көшірдік.

Бұл мәселеден Солтүстік Қазақстан облысының әкімі де хабардар. Жуырда өңір жетекшісі селекторлық жиын өткізіп, сыртқы миграцияға жол беріп жатқан жергілікті атқамінерлердің шаңын қақты.

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Егер де бір отбасы көшемін десе, онда ауылдық округ әкімі мен аудан әкімі әлгі жанұямен жіті жұмыс жасауы тиіс. Қоныс аударудың себебін біліп, оның шешілуіне септесуі керек. Бұдан былай, ауылдық округ әкімдері ай сайын жұмыссыздық мәселесі жайлы ақпар беріп отыруы тиіс. Біз мұны әрдайым бақылап отыруымыз керек.

Сөйтіп, миграция мәселесі көбіне әлеумет әлеуетінің әлсіреуінен болады екен. Қысқасы, жұмыссыздық жайы шешілсе, жұрт та өзінен өзі тартыла бастайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН