$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Терісінің 90 пайызы қабыршық басқан 5 жасар Жасұланның жағдайы жақсарған

AstanaTV
29.04.2014ж. 20:00
1244
Терісінің 90 пайызы қабыршық басқан 5 жасар Жасұланның жағдайы жақсарған

Терісінің 90 пайызы қабыршық басқан 5 жасар Жасұланның жағдайы жақсарған. Анасының айтуынша, Алматыдағы тері-венерологиялық институтқа келгелі екі апта ішінде денесіндегі қабыршақтар азайыпты. Ихтиоз дертіне шалдыққан Жасұланның көңіл-күйі жақсы. Бүгін ол қиналғанда қол ұшын берген отандастарына бір шумақ өлеңін арнады.

Ұлбибі Ықыласова, Жасұланның анасы:

Қазіргі кезде жағдайымыз көп өзгерді. Әлдеқайда өзгеріс бар. Бірақ мен айтпаймын, дәл бұлай болған емес деп, бұлай үйде де түсетін. Бірақ үсті бір бөлек, аяғы бір бөлек түсетін. Бұл жолы толықтай түсті.

"Әу-бастан емдеу тәсілі дұрыс таңдалғанда, балам мұндай жағдайға жетпес пе еді", - дейді анасы Ұлбибі. Енді отбасы Алматыға көшіп келу мәселесін де қарастырып жатқанын айтты. Оған себеп көп: біріншіден, балаға қажетті дәрі-дәрмек Қызылордада сатылмайды, оның үстіне жараның бетін қайтаруға қажетті жақпа майлардың сақталу мерзімі тек 10 күнге беріледі. Екіншіден, дәрігерлер Жасұланның жағдайын үнемі назарда ұстап отыру үшін екі айда бір қабылдау өткізу қажет.

Айжан Итимирова, емдеуші дәрігер:

Дәл қазір баланың жағдайы жақсарды. Көріп тұрғандарыңыздай, еркін жүріп-тұрады, дене қызуы төмен, ұйқысы тыныш, тәбеті де жақсарды. Жалпы, бала өз жасына сай өсіп жатыр.

Айықпас дертке шалдыққан балаға көмек ретінде қайырымды жандардан бүгінге дейін 5 миллионнан астам қаражат жиналған.

Отбасының ендігі үміті Израильдік дәрігерлерде. Жасұланның ата-анасы қажетті қаражат жиналса, бірден кетуге дайынбыз деп тас түйін дайын отыр.

Ал ертең Алматының Конкордия театрында Жасұланға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық концерті өтеді. Концертке еліміздің біршама белгілі әншілері қатыспақ. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ