«Астана» велокомандасы екі бірдей жарыста сынға түсіп жатыр.
Винченцо Нибали бастаған спортшылар «Романдия» турында жарыс жолына шықса, Александр Дьяченко өз
әріптестерімен «Түркияда» көп күндігінде бас жүлде үшін талас
жүргізеді. Тақырыпты Самат Қанағатов толықтырады.
«Түркия» турының үшінші кезеңі
аяқталды. Финике және Элмалы қалаларының
арасында өткен кезеңде Эстония спортшысы Рейн Таарамае жеңіске жетті. 185
шақырымнан тұратын жарыс жолын «Кофидис» клубының өкілі 5 сағат 41 минут 31 секундта жүріп өтті.
Жазық жолда пелатонның ішінде болған Таарамае таулы аймаққа жақындаған сәтті
жылдамдығын үдетіп, алға шықты. Межелі жерге 6 шақырым қалғанда командалар 1
дәрежелі шыңды бағындырды. Бұл аралықта шеберлігімен танылған Эстония спортшысы
қарсыластарын сан соқтырып, 3-ші кезең жеңімпазы атанды. Екінші орынды
Ұлыбритания спортшысы Адам Йеитс иеленсе, үшінші сатыны Франциялық Ромэн Арди
еншіледі.
«Астана» командасының спортшысы
Александр Дьяченко жеңімпазға 44 секунд ұтылып, мәре сызығын 11-ші болып кесті.
Елордалық команданың қалған спортшыларына
келсек, көш басыға 5 минуттан артық уақыт ұтылған Валентин Иглинский мен
Даниил Фоминых, алғашқы 40-мықтының қатарында болса, Арман Қамышев пен Дмитрий
Груздьев 69-шы және 70-ші орындарға табан тіреді. Олар «Кофидис» клубының өкіліне 16 минуттан артық уақыт ұтылды. Жалпы
есепте Рейн Таарамае жарыс лидерінің жейдесін иеленді. «Түркия» турының 4-ші кезеңі жазық жолда өтеді.
Самат ҚАНАҒАТОВ