$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Отандық фармацевтика нарығы ДСҰ жағдайында бәсекеге қабілетті ме?

AstanaTV
11.05.2016ж. 20:00
3226
Отандық фармацевтика нарығы ДСҰ жағдайында бәсекеге қабілетті ме?

Дәрі-дәрмек бағасы арзандауы мүмкін. Өйткені Қазақстан дәрілік препараттарды делдалсыз, тікелей өндіруші зауыттардан сатып алатын болды. Бұл туралы Алматыда өткен «Денсаулық сақтау» көрмесінде «СК-Фармация» компаниясының өкілдері мәлімдеді. Олар шетелдік компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарт жасақан. Ал биыл отандық дәрі-дәрмек өндірісі 23 пайызға артқаны белгілі болды. Фармацевтика нарығындағы өзгерістер тілші материалында.

Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі - фармацевтика өндірісі. Елімізде тұтынылатын дәрі-дәрмектің 77 пайызы әлі сырттан әкелінеді. Осыдан 10 жыл бұрын ішкі нарықтағы отандық компаниялар шығаратын фармацевтикалық өнімдердің үлесі небәрі 5 пайыз еді. Бүгін ол 23 пайызға жеткенін бірыңғай дистрибьюторлық жүйеге жауапты «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясы өкілдері мәлімдеді.

Нұржан Әлібаев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

ЕВРАЗЭС-ке кіргенде қандай жағдайдамыз. Мақсатымыз - 2018 жылға дейін отандық өндірушелірді қолдап, жоғарғы деңгейге жеткізіп, басқа елдерге шығуға қол ұшын созу. Дәрі-дәрмек сапасын бақылау, баға. Сосын делдалдардың жолын кесу.

Қазақстанда қазір дәрі-дәрмек саласында 24 отандық кәсіпорын жұмыс істейді. Медициналық жабдықтар мен техникалар шығаратын кәсіпорынның өнімдері бүгін «Денсаулық» халықаралық көрмесіне қойылған. Солардың бірі - Шымкентте орналасқан Жапониямен біріккен зауыт.

Қасым Каташев, медициналық кәсіпорын өкілі:

Қазақстан бойынша барлық мемлекеттік мекемелерге, жеке медициналық орталықтарға өзіміздің жабдықтармен қамтамасыз етіп отырмыз. Ол енді өзімізде шығатын тауардың шетелдікке қарағанда арзан болатындығында.

Жиын барысында Фармацевтикалық өнімдер дистрибьютерлер қауымдастығын басқаратын Вячеслав Локшин баға саясатына назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу кезінде қаражаттың 70 пайызы шетелдік өнімдерге жұмсалады. Осы жылы азаматтарға көрсетілетін тегін медициналық көмек есебінен 130 млрд теңге бөлінген.

Вячеслав Локшин, Қазақстан фармацевтер дистрибьюторлары қауымдастығының президенті:

Биыл тендерге қатысқан кәсіпорындар әрбір препарат үшін бағаны 2015 жылғы тарифпен белгіледі. Олардың 85 пайызы тендерге түсті. Бұл - жақсылықтың нышаны. Мемлекет үшін бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашады. Бірақ дистрибьюторлардың да жағдайын ойлау керек. Олар сапалы дәрі-дәрмек әкеліп отыр, сондықтан бағаны белгілегенде, олар да теріс айналып кетпейтіндей, ортақ келісімге келуіміз тиіс. 

«Самұрық Қазына-Фармация» компаниясы медициналық препарат шығаратын халықаралық өндірушілермен меморандумға қол қойды. Мақсат - дәрі-дәрмекті шығарушы зауыттармен тікелей сатып алып, бағаны аспандатпау. Ал отандық өндірушілерді Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты қатаң сын күтіп тұр. Ұйымның барлығына ортақ талаптары бар. Сондықтан бұл салада Еуразиялық экономикалық одаққа қарағанда белді бекем бууға тура келеді, - дейді сарапшылар. Ал тұтынушы үшін арзан бағаға сапалы өнім алуға жол ашылмақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ