$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада «Жас Отан» жастар қанатының «Еркін пікір» клубының отырысы өтті

AstanaTV
30.04.2014ж. 20:00
1568
Астанада «Жас Отан» жастар қанатының «Еркін пікір» клубының отырысы өтті

Астанада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының «Бірлік пен келісім: қазақстандық даңғыл жол» тақырыбына «Еркін пікір» клубының отырысы өтті. Шараға жастар ұйымдарының өкілдері, мәслихаттардың жас депутаттары, магистранттар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Кездесуге жиналғандар достық пен этникалық келісімді сақтаудағы бүгінгі жастардың ролін талқылады. Пікірталас аясында қазақстандық құндылықтар мен жаһандану кезеңінде өзіндік мәдениетті сақтап қалу мәселелері көтерілді.

Пікір сайысқа құрылған «Еркін пікір» бірыңғай алаңына Мәжіліс пен мәслихат депутаттары, орталық мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысып келеді. Сондықтан бұл алаң жас буынға келелі мәселелерін жоғарғы жаққа жеткізуге мүмкіндік беретін көпір іспетті. Тұрмыстық мәселелермен қатар ойын бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік беретін алаңға келген жастар Мемлекет басшысының Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі туралы да айтты. Жастар Еуразиялық интеграцияның тиімділігін атап өтті. Және мұндай ашық алаңдардың өзектілігі мен қажеттілігіне көңіл аударды.

Расул Ахметов, ҚХА жанындағы «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы:

Бүгінгі пікір алаңында керемет сұрақтар қойылды. Ол кез келген кезде жастарға байланысты. Жастардың білім саласында, мәдениет саласында, жұмыс саласында, оның ішінде ең маңыздысы - қазақ тілін меңгеру сұрағы ортаға салынды. Бұл жастарға көп мүмкіндік береді.

Қазақстанның мемлекеттік саясатында этноаралық келісім мен бірлікті нығайту мәселелері ерекше орын алады. Елімізде 100-ден астам ұлыс өмір сүреді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеуде. Пікір-сайысқа келген жас буын ұйып отырған ұлттар татулығын одан әрі жалғаудағы жастардың рөлін де талқылады.

Нұрбек Дәукенов:

Қазіргі таңда ҚР-да көптеген азаматтар өзінің ұлтына бөлінбей, бір ғана біз қазақстандықтар ретінде өзінің позициясын ұстана отырып, өзінің ашық ойын білдіріп және бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатыр.

Айта кетерлігі, биыл «Еркін пікір» пікір-сайыс клубының жұмысы қайта жанданып, телевизиялық нұсқасы түсірілді. 

"Еркін пікір" пікір-сайыс клубы отырысының толық нұсқасын Астана телеарнасынан 2 мамырда кешкі сағат сегізде көре аласыздар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ