$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Бүгін Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау күні

AstanaTV
05.05.2014ж. 20:00
1359
Бүгін Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау күні

Бүгін Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау күні. Осы орайда Алматыда мүгедектер мен ақпарат құралдары бас қосты. Жиынға қатысып, ондағы келелі мәселелермен танысқан әріптесім Маржан Серікқызы тақырыпты сабақтайды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар әдеттегі ресми жиыннан бас тартып, шай үстінде емен-жарқын пікір алмасуды жөн санапты. Мақсаты - қоғам назарын тағы бір мәрте өздеріне аударып, әлеуметтік әлеуеттерінде кездесетін мәселелерді шешу жолдарын ұсыну. Қатысушылар БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары туралы» Конвенцияның Қазақстанда толық заңды күшіне енуіне қол жеткізуді талап етеді.


Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 637 мың. Оның ішінде, 274 000-ы әйелдер, 65 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. Бір Алматының өзінде 42 000 мүгедек бар. Десек те, олардың 90 пайызы жұмыссыз. Сондықтан бүгінгі жиынға жиналғандар Конвенцияға қол қойылса, жұмыспен қамтудан бастап қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруымыз да шешіледі деп сенеді.

Қайрат Иманалиев, «Намыс» қоғамдық мүгедектер қауымдастығының төрағасы:

Жұмыспен қамту мәселесін жүйелі түрде шешу қажет. Яғни алдымен мүгедек жанның немен айналысқысы келетінін анықтап алу қажет. Демек біреу шаштараз, енді бірі есепші болсам дейді. Содан кейін арнайы кәсіптік білім беру мәселесін шешіп, жергілікті мекемелерге жұмысқа орналастыруға дейін қолға алу қажет.

Ал Фархат Юсупджанов - Алматыдағы «Жігер» зағип жастар ұйымының президенті. Туа бітті қос жанары көрмесе де, жігері қайыспаған жігіт көпшілік үшін үлгі бола алады. Алматыдағы Әлем тілдері мен халықаралық қатынастар университетін тәмамдаған ол «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ, Жапония, Женевада жоғары білім алып, магистр атанған. Тек оқу мен жүру мүмкіндігі шектелген Фархат «өз елінен гөрі өзге елде білім алу жеңіл тигенін» айтады.

Фархат Юсупджанов, «Жігер» зағип жастар ұйымының президенті:

Біз үшін ең бірінші проблема арнайы оқулықтардың жоқтығы. Яғни  ЖОО-да зағип жандарға арналған Брайль қаріпті, дыбыс жазбалы оқулықтардың бірі де жоқ. Демек үй тапсырмасын орындау үшін тек арнайы кітапханаға баруға тура келеді. Ол дегеніміз уақыт шығыны.

Расында, елімізде мүгедек жастарға арналған арнайы мектептер болғанымен, кәсіптік білім беретін оқу орындары жоқтың қасы. Туа бітті аяқ-қол кемістігі бар баланың анасы Алмагүл Сейсенова қоғам болып мүмкіндігі шектеулі жандардың білімі мен дағдыларын ары қарай дамытуға мүмкіндік беруіміз керек деп есептейді.

Алмагүл Сейсенова, мүгедек баланың анасы:

Себебі мектепті бітіргеннен соң бұл балаларды толықтай белгілі бір жүйелі түрде жұмыспен қамтамасыз ету, не кәсіби бағдарлау мәселелері әлі де әттегенайларға тап болып отыр. Сондықтан төрт қабырғаға қамалып қалатындай жағдайға түсіп отыр.

Жиналған топ жуық арада мүгедектер құқын қорғау туралы Конвенцияны Үкіметке бекітуге ұсынбақ. Ал қарардың қабылдану-қабылданбауы енді Мәжіліс пен Сенаттың еншісінде.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ