$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Петропавлда ардагерлер ән айту мен қолөнерінен сайысқа түсті

AstanaTV
07.05.2014ж. 20:00
1132
Петропавлда ардагерлер ән айту мен қолөнерінен сайысқа түсті

Петропавлдық ардагерлер өнер көрсетуден өзара бақ сынасты! Жеңіс күні қарсаңында Қызылжарда гала-концерт өтті. Оған тыл еңбеккерлері, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері қатысты. 100-ден астам қарияның өнері тоғысқан шараға қалалық әкімдік ұйытқы болды. Тілшіміз Абзал Құрманкин жалғастырсын.

Әнді көңілдің мұңы, көкейдің шерін тарқатар құрал деп білетін қызылжарлық ардагерлер бүгін сайысқа түсті. Арасында отан үшін от кешкен қариялар да бар. Олар жігерді жанитын патриоттық әндерді орындап, өнерде өрістерінің байтақ екенін дәлелдеді. Таланттардың қатарында сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдар да бар.

Григорий Кухарь, Петропавл қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Гала
-концерт ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ол бірнеше кезеңнен тұрады: аудандық, қалалық және облыстық. Бүгін жеке орындаушылар мен хор ұжымдарының тарапынан 15 нөмір ұсынылды. Қатысушылар тек ән айтып қана қоймай, өздері жазған өлеңдерді де оқуда.

Шара аясында шығармашылық сайыстар да болды. Он саусағынан өнер тамған қариялардың салған суреттері мен жасаған бұйымдары ұсынылды. Тоқыма өнерінің шебері Сания Юсупованың қолынан шыққан заттар көпті бей-жай қалдырмады. Қария бұл өнерді жастайынан үйренгенін айтады.

Сания Юсупова, тыл еңбеккері:

Зауытқа жұмыс істеуге 16-ға толмай бардым. 40 жыл еңбек еттім. Әсіресе, соғыс кезінде қиын болды. Ол кезде бізді зауыттан мүлдем шығармайтын. Түнде жарық өшірген шақта да жұмыс істедік. Жіп өру, қораптарды тасу дегендей. Сарбаздарға жәрдем ретінде 20 рет қан тапсырдым. Сол үшін арнайы медаль де берді.


Жалпы сайыс қорытындысы бойынша еңбек ардагері Александр Ткаченко гран-при иегері атанды. Зағип жан ән айтуға жас күнінен ықылас қойғанын айтады. Нәтижесі де жаман емес.

Александр Ткаченко
, еңбек ардагері:

Жас кезімде музыкалық мектепті бітірдім. Кейін түрлі кәсіпорындарда еңбек еттім. Қазір облыстық зағип жандар қоғамының ардагерімін. Ұзақ жыл тәжірибемде облыстық және республикалық байқауларда талай рет жүлделі орындарға ие болдым.

Қазыналы қариялар мерекені рухты әндермен қарсы алды. Өздері де бір жасап қалғандарын айтып тарқасты. Ал сайыс жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама алмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН