$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Ақтауда ішімдікке салынған ата-аналар өз балаларын тастанды қылуда

AstanaTV
12.05.2014ж. 20:00
2070
Ақтауда ішімдікке салынған ата-аналар өз балаларын тастанды қылуда

Ақтауда ішімдікке салынған ата-аналар өз балаларын тастанды қылуда. Алты жасар Элеонора Тоғызбаева 9 мамырда қала сыртынан табылса, 10 жасар Анатолий Айрапетянды анасының құрбысы бір ай бұрын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына әкеп тастады. Кішкентай Элеонора анасының есімі Динара екенін ғана біледі, әкесі жоқ көрінеді, мекен-жайы да белгісіз. Уақытының көп бөлігін әжесімен өткізетін қыз оның ауруханада жатқанын айтты.

Ал Анатолийдің әкесі мен ағасы Атырау облысындағы Құлсары қаласында тұрады. Бейімдеу орталығына оған тек тәтесі мен ағасы келіп тұратын көрінеді. Бұл балалардың қаны басқа болғанымен, тағдырлары ұқсайды. Ата-аналары ішімдікке әбден салынған, үйлеріне қайтқысы жоқ. Балаларының жоғалғаны туралы полицияға да хабарласпаған. Сондықтан олар енді балалар үйіне жіберілетін болды.

Анатолий Айрапетян:

Анама телефон шалдық, тұтқасын көтермейді, алған күннің өзінде енді хабарласпаңдар дейді. Ол бір ай ішпесе, келесі айда өзін-өзі тоқтата алмайды.

Динара Матжанова, әлеуметтік педагог:

Біз полицияға балалардың анасын іздеу туралы өтініш жаздық. Анатолий Айрапетян сәуірдің 12-нен бері бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Анасы бірде-бір рет хабарласпады.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА