$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Ұлттық банк төрағасы «Нұр Отан» фракциясына есеп берді

AstanaTV
13.05.2014ж. 20:00
1172
Ұлттық банк төрағасы «Нұр Отан» фракциясына есеп берді

2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жылдар бойы төленбей жатқан қиын несиелерге кешірілім жасалады. Яғни банктер оларды сызып тастай алады. Ал несиені кешірмеген қаржылық ұйымдар лицензияларынан айырылады. Үкіметтің бұл жоспары туралы Ұлттық банк төрағасы мәжілісте өткен «Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген жиынында мәлімдеді. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, елімізде несиелердің үштен бірі қайтарылып жатқан жоқ. Ол - 4,5 трлн теңге.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

2004-2007 жылдары банктер несиелерді үйіп-төгіп таратты. Кейбірі көрсеткішті 50-80 пайызға жеткізді. Бірі тұтынушылық несие берсе, енді бірі ипотека мен құрылысты қаржыландырды. Сол қаржылар бүгінде қайтарылмай жатыр.

Кезінде несиелерді оңды солға таратып тастап, бүгінде оларды қайтара алмаған банктерге тағы да Үкімет көмекке келмек. Ал Дариға Назарбаева мәселені бюджет қаржысынан емес, акционерлер есебінен шешу керектігін айтып, бұл көмекті банктік лобби деп сынады.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

250 млрд теңгені бюджеттен алып банктерге несиелерін жабуға беруіміз керек. Біздегі бар мәлімет бойынша 20 банк жабылып қалады. Сонда онсыз да өлімші халде тұрған банктерге неге қолдау көрсетеміз. Бұл жерде банктік лобби бар сияқты. Бұл мемлекет мүддесіне қарсы.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

Біз ол 20 банкті жаппаймыз. Олар тек халықтың қаржысын тартпаса болды. Біз ол банктерге көмектескенде де, ол ақша қайтарымсыз болмайды. Қайтарылады. Ал қайтармағандарына мемлекет акционер болады. Ол қаржы ұйымдарын банкрот деп жариялау тиімсіз. Өйткені олар жүйе құраушы банктер. Оларда халықтың депозиті жатыр.

Айта кетерлігі, қиын несие деп танылғандардың дені тұтынушылық несие емес, ипотека мен құрылыс компанияларының несиелері.

Айгүл ӘДЕПБАЙ