$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Петропавлда қызылша белең алып тұр

AstanaTV
13.05.2014ж. 20:00
1095
Петропавлда қызылша белең алып тұр

Солтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері қызылша дертінің алдын алу шараларын бастап кетті. Өйткені аймақта аталған дертке шалдыққандар саны көбейген. Ауада тарайтын індет әдетте балалар арасында ғана кездесетін. Қазір ересектердің де жұқтыру дерегі байқалып отыр. Аймақтағы екпе науқанымен Абзал Құрманкин танысып көрді.

Қызылжарлық дәрігерлер соңғы 2 ай жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыс істеуде. Қауіпті кеселдің алдын алу үшін олар үй-үйді аралап, қызылшаға қарсы егілмеген тұрғындарды іздеп әлек. «Шақыртылған жұрттың тең жартысы екпе жасатуға ынта білдіреді», - дейді ақ халаттылар.

Наталья Помазанова, дәрігер:

Біз егетін вакцина 3 ауруға төтеп береді: қызылша, қызамық және паратит. Екпелер мәжбүрлі түрде егілмейді. Әркімнің өз таңдауы. Бірақ кей аналар балаларын егуден бас тартады. Кейбірі діни ұстанымына байланысты. Ал ересектермен жұмыс істеу мүлдем қиын. Көбі қызылшаға немқұрайлы қарайды.

Қазір қаладағы №1 аурухананың инфекциялық бөлімінде адам қарасы көп. Мұнда қызылша ауруына шалдыққан 15 адам ем алып жатыр. Олардың палатасына дәрігерлерден басқа адамға кіруге тиым салынған.

Ғалия Сыздықова, Петропавлдағы №1 қалалық аураханасы инфекциялық бөлімінің дәрігері:

Жыл басынан бері қызылша диагнозымен 58 адам келді бізге. Бірақ зертханалық сараптама тек оның 8-де ғана қызылшаны растады. Қалғандары қызылшаға ұқсас аурулармен ауырды. Алайда 58 кісінің бәрі де ем алды.

Қазір санитарлық эпидемиолог мамандар да кешенді жұмыс жүргізуде. Қызылшаға қарсы екпеге биыл арнайы 10 млн теңге бағытталған. Алайда қарастырылған қаражат аздау болып тұрған көрінеді. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің өкілдері қосымша 17 млн теңге бөлуді көздеп отыр.

Юрий Пузиков, Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Жасқа дейін қосымша 6700 адамды қызылшаға қарсы егу керек деген шешім қабылдадық. Ал жалпы, осыған дейін 30 жасқа толмаған 1810 адам екпе жұмыстарынан өтті. Барлығы біздің өңірге 9 мың вакцина бөлінді.

Дәрігерлердің дерегіне сенсек, қызылшадан тіл тарпай кеткен жағдайлар тіркелген жоқ. Алайда дер кезінде тексерілмесе, ол асқынып, өкпе ауруларының сан түріне әкелуі мүмкін. Дегенмен, індет иммун тапшылығынан пайда болатынын ескертеді. Сондықтан жаз шыға көкеніс пен жеміс жеуге кеңес береді.

Абзал ҚҰРМАНКИН