Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Оралда 1-ші топтағы мүгедек көлік салығын төлеуге мәжбүр

AstanaTV
12.05.2016ж. 20:00
2224
Оралда 1-ші топтағы мүгедек көлік салығын төлеуге мәжбүр

Автокөлігінің мемлекеттік нөмірін жоғалтып алған оралдық мүгедек Біржан Қожақовтың басы дауға қалды. Ол көлігіне жаңа нөмір алғанымен, мүгедек ретінде салық төлемеу жеңілдігінен айрылған. Енді ол жыл сайын астындағы көлігі үшін 200 мың теңге салық төлеуге міндеттелген. Еркін Карин тақырыпты тарқатады.

Жол полициясының бұрынғы қызметкері Біржан Қожақов қызметте жүріп екі аяғынан айрылған. Соған қарамастан, қазір өз алдына кәсіп ашып, өзі сияқты жандарды жұмыспен қамтып отыр. Арбасын салуға ыңғайлы болсын деп үлкен көлік алған. Ал тұлпарына жаңа нөмір алған кезде қозғалтқышы үлкен көліктерге жеңілдіктер жасалмайтынын білген.

Біржан Қужақов, мүгедек:

Мынаның налогы 300 мыңнан жоғары, 400 мыңға барады. Былай айтқанда, оны 12 айға бөлетін болсақ, әрбір айда 30 мыңнан төлеу керек екен. Ал мүгедектер алатыны 23-24 мың теңге. Жеңіл машиналарға арбамыз сыймайды. Ортада мүгедектер қиналып отыр. Осы заң үшін...

Салық мамандары Кодекске өзгерістер енді деп отыр. Ал онда қозғалтқыштың көлемі 4000 текше сантиметрден көп көліктердің мемлекеттік нөмірі, қозғалтқышы, өзге де техникалық құрылғылары өзгертілсе, иелері жеңілдіктерден қағылатыны көрсетілген дейді. 

Манарбек Қадырбеков, Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл азамат І топтағы мүгедек болса да, заңнама бойынша жеңілдіктен айрылып қалып тұр. Салық заңнамасын бұза алмаймыз. Бұл жағдайды біздер қазір БҚО департаментіне хат жолдаймыз, сол департамент арқылы біздің министрлікке хат жазып, осындай жағдайларға түсініктеме беру туралы, жеңілдіктер қалдыру туралы хаттама жолдайтын боламыз.

Дегенмен, Қаржы министрлігінен келген жауап хатта көлік иесінің салықты бәрібір төлейтіні нақты айтылған. Өйткені мұндай жеңілдікті көлік иелерінің төрттен бірі пайдаланып келген. Ебін тапқан пысықтар қымбат көліктерін ардагерлер мен мүгедектерге рәсімдеп, қызығын өздері көріпті. Заңгерлер болса, көліктен құтылудан басқа амал жоқ дейді.

Павел Кочетков, заңгер:

Бұл азаматтың заңды құқы бұзылған жоқ. Бірақ ол, заңда көрсетілгендей, салықты төлеуге міндетті. Немесе қозғалтқышының көлемі шағын басқа көлік алғаны дұрыс. Басқа амалы жоқ.

Еркін Карин, тілші:

Бүгінде Оралда 198 мыңнан астам көлік болса, 5362 азамат жеңілдікпен салық төлемейді. Ал қозғалтқышының көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын көлік иесі жыл санап азайып жатыр. Бүгінде 54 азаматта ғана осындай темір тұлпар бар. Бұл былтырғыдан екі есеге кем. 

Еркін КАРИН