Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шығыс Қазақстан облысы туризмнің Меккесіне айналуы тиіс

AstanaTV
16.05.2014ж. 10:00
892
Шығыс Қазақстан облысы туризмнің Меккесіне айналуы тиіс

Тұмса табиғатымен төрткүл әлемге танылған Шығыс Қазақстан облысы туризмнің Меккесіне айналуы тиіс. Осы мақсатта өңірде ауыл туризмін дамыту қолға алынбақ. Биыл бірінші болып мектеп оқушылар жаңа жобаға тартылады деп жоспарланып отыр. Бір жағы өскелең ұрпақ демалыстарын ауылда өткізсе, екіншіден салт-дәстүрімізбен етене танысып, таза ауада денсаулықтарын оңалтар деген ой бар.

Қазақстанның асыл тәжі. Табиғаты көрген көзді сүйсіндірер, Швейцарияға теңелетін Шығыста туристердің легінен қара жер қайысуға тиісті көрінеді. Дегенмен олай емес. Өңірге саяхаттап ат басын бұратын шетелдіктер некен-саяқ. Оған себеп жөнделмеген жолдар, кенжелеп қалған қызмет көрсету жүйесі. Біздегі Алтай тауларымен сілемдесіп жатқан Ресей мен Монғолия туризмін әжептәуір дамытып алды. Жазғы уақытта демалушылар ол елдердің бюджетін бірнеше миллион долларға толықтыратыны жасырын емес. Көрші елдермен тәжірибе алмасқан шығыс қазақстандықтар енді ауыл туризмін дамытуға күш салмақ. Ауылда саяхатқа жағдай жасалса барамыз деушілер де көп.

Жалғас Зейноллаев, Өскемен қаласының тұрғыны:

Ауылымыз алтын бесік, әрине, тамаша. Ауыл туризмін дамытса, адамдар шетелге бармай, ауылға барып тынығар еді. Тілімізге, салт-дәстүрімізге жақындап. Тіпті азығының өзінен бастасақ, қазақтың төл тамағымен сусындарын ішкенге не жетсін. Басқа
емес, ауылдың қонақжайлылығын айтсақ.

Облыстық туризмді дамыту басқармасы шетелдегі азаматтар арасында сауалнама жүргізе келе Шығыс Қазақстанның ну ормандары мен мөлдір сулары жайында шетелдіктердің бейхабар екендігіне көз жеткізді. Туризмді дамыту ең алдымен үгіт-насихаттан басталмақ.

Ержан Сембинов, ШҚО Туризм және сыртқы байланыс бөлімінің басшысы:

Екі жұма бұрын біз Алтай өлкесі мен Қытай еліндегі әріптестерімізбен кездесіп, үш жақты келісімге қол қойдық. Онда бірлескен туризмді дамыту мәселелері мақұлданды. Кез келген саяхатшы Алтай өлкесінен бастап біздің өңірді басып өтіп, Қытай еліне саяхаттай алады.

20 жылдан бері саяхатшыларға гид болып қызмет ететін Андрей Юрченков туризмді дамытуды бүгіннен бастау қажеттігін айтады. Шетелдіктер елімізге көптеп ағылсын десек, тамаша табиғатымызды жарнамалау керек.

Андрей
Юрченков, туризм бойынша маман:

Алысқа көз салмай қазір қолымызда не бар - содан бастау керек. Мен өз тәжірибемнен білем. Шетелдіктер адам аяғы баспаған тұмса табиғатта демалғанды ұнатады.

Орналасқан Катон-Қарағай мен Тарбағатай аудандары жазды күні киіз үй құрып, туристерді қабылдауды бастап кеткен. Жұртшылықтың айтуынша, ауылға келіп, жазғы демалысын өткізген шетелдіктер келер жылы қайта айналып келуге уәде берген.

Қанат ОРАЛБЕК

Алдыңғы жаңалық