$443.62 €492.24 ₽5.36

"Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең": Президент

"Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең": Президент
Фото: Ақорда

Президент үш жылда 3 мыңнан астам жемқорлық құқықбұзушылығы анықталғанын мәлімдеп, заң алдында бәрі тең екенін ескертті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық ахуалы әлі де күрделі екенін мәлімдеді. Президент жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері мен қабылданатын шаралар халықтан жасырылмайтынын айтты, деп хабарлайды  Astana TV.

Президент келтірген мәліметке сәйкес, 2023–2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, ал қалғанын өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Құқықбұзушылықтарға қатысты жалпы сома 248 миллиард теңгеден асады.

Ал биылғы жылдың алғашқы он айында 751 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелген. Оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге, 205-і өзге тұлғаларға, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне тиесілі.

«Ешнәрсені жасырмаймыз»

Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер елдегі жемқорлық мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсететінін айтты.

«Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жемқорлыққа қарсы қабылданған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын шаралар туралы қоғамға тұрақты түрде ақпарат берілетінін жеткізді.

«Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз», – деді Мемлекет басшысы.

«Өзіміздікі» деп бөлуге жол берілмейді

Президент түрлі деңгейдегі басшылардың қаржы жымқыруға қатысты құқықбұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі мен Бас прокуратура бірлесіп тексеретінін мәлімдеді.

Ол заң талаптары барлық азаматқа бірдей қолданылуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, жемқорлыққа қарсы күресте лауазымы мен қызметіне қарамастан, барлық тұлғаның әрекеті заң аясында бағалануы тиіс. Ал құқықбұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары қоғамға ашық жүргізіледі.