Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Атырауда ҰБТ сұрақтарының жауабы ашық саудаланып жатыр

AstanaTV
19.05.2014ж. 20:00
1168
Атырауда ҰБТ сұрақтарының жауабы ашық саудаланып жатыр

Атырауда ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының жауабы ашық саудаланып жатыр. Барлық пән бойынша тест сұрақтары мен жауаптары жазылған кітапшалардың көлемі сіріңке қорабынан сәл ғана үлкен. Әдейі алақанға сыйып кететіндей етіп жасалған.

Оның әрқайсысында үш жүзден он екі мыңға дейін жауаптар берілген. Әріптердің ұсақтығы сондай, түсініп оқу да қиындық келтіреді. Бірақ оны пайдалану техникасын игеріп алған талапкерлер елейтін емес. Сатушылар "шпаргалка" сұрайтындардың қарасы қалың екенін айтады. Кейбір сөрелер кәдімгідей сиреп қалған. Жалпы мұндай "тауар" Алматы қаласындағы көтерме базардан тасымалданады. Саудагерлер ұлттық тест жақындағанда, сауданың одан әрі қызатынына сенімді. Кітапшаның қашан, қай баспада шығарылғаны жазылмаған. Сондықтан нақты жауап па, әлде жай жалған көшірме ме, белгісіз. 

Маған заңды деп ештеңе айтқан жоқ. Бізге әкелген соң сатып жатырмыз. Алматыдан әкеледі. - Ішіндегі сұрақтар келе ме? - Иә, келеді. Пробныйда келді ғой. Сосын осыны көбі алып жатыр. Әсіресе, математика көп өтеді. Сосын Қазақстан тарихы.

Жауаптардың бағасы жеті жүз бен мың теңге аралығында. Пайдаға құныққан сатушылар шпаргалканың қолайлы екенін айтып, алушының басын айналдыруға да әбден машықтанған. Сорақысы сол, шпаргалкаларды сынаққа жасырын алып кіруге бел буғандар да мұны еш қымсынбастан жайып салды.

Мектеп бітіруші:

Осы шпаргалкаларды сыныптастарым сияқты мен де сатып алдым. 5 пәнді де алдым. Өз біліміме сенемін, бірақ қосымша көмек ретінде алып кіруге тырысамын.

Базаргүл ІЗІМОВА