Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Алматы облысының шаруа қожалары жергілікті прокуратураның үстінен сотқа шағым түсірді

AstanaTV
20.05.2014ж. 20:00
1313
Алматы облысының шаруа қожалары жергілікті прокуратураның үстінен сотқа шағым түсірді

Алматы облысының шаруа қожалары жергілікті прокуратураның үстінен сотқа шағым түсірді. Кәсіпкерлер өз ісіне салғырт қараған бақылаушы орган сот алдында жауапқа тартылсын деген талаппен бүгін ақпарат құралдарының басын қосты.

Еске салсақ, осыдан бірнеше ай бұрын Талғар аудандық прокуратурасы шаруа қожалықтарының үстінен сотқа шағымданып, мемлекет қажеттілігіне алынған жер телімдері үшін төленген өтемақыларды кері қайтаруларын талап еткен. Айта кетейік, екі жыл бұрын жергілікті әкімшілік пен жер қатынастары басқармасы кәсіпкерлерге тиесілі жер телімдерін Үлкен айналма жол құрылысы үшін алған.

Жер иелеріне нарықтық бағаға сәйкес өтемақы төленгенімен, жыл өте прокуратура берілген ақшаны қайта санап, өтемақы артық төленді деп шешіпті. Дегенмен, аталмыш шешіммен келіспеген кәсіпкерлер төленген ақшаны қайтарудан үзілді-кесілді бас тартты. Бүгін жиналған жұрт жұмыстарына салғырт қараған жергілікті әкімшілік, жер қатынастары басқармасы және прокуратура заң алдында жауапқа тартылсын деп мәлімдеді.

Жәмилә Тоғанбаева, шаруа қожалығының иегері:

Прокуратура біздің үстімізден берілген ақшаны қайтарыңдар деп арыз жазды. Менің, мәселен, 1 га 10 сот жерімді сатып алды. Қазір ол ақшаны менің қайтаруға менің шамам жоқ. Енді не жеріміз де жоқ, ақшаны да қайтар деп жатыр.

Игорь Меерзон, адвокат:

Егер сотқа шағымды прокуратура берген болса, егер келісімшарт қарапайым адамдар мен мемлекет арасында жасалса, онда кім кімді алдап соғып отыр? Демек бұл үкіметтің жасырын түрде өз беделін өзі түсіруі ме қалай сонда?

М. СЕРІКҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық