Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Шымкенттегі Нұртас шағын ауданына қарасты 301 жер телімі мемлекет мұқтажына алынбақ

AstanaTV
20.05.2014ж. 20:00
912
Шымкенттегі Нұртас шағын ауданына қарасты 301 жер телімі мемлекет мұқтажына алынбақ

Нұртас шағын ауданына қарасты 301 жер телімі, тұрғындардың айтуынша, аяқ астынан мемлекет мұқтажына алынатын болып шешілген. Бас жоспарға сәйкес бұл жерлерге жабық стадион мен саябақ салынады. Бұл шешіммен келіспейміз деген жергілікті халық бүгін БАҚ өкілдеріне шағымданды.

Мейрам Егембаева, Нұртас шағын ауданының тұрғыны:

Басында айту керек еді. Е, салмаңдар мына тамды. Жоламаңдар бұл жерге десе, жоламайтын еді адам. Енді жабылып салып алған уақытта, кәні босатыңдар жерді. Мына жерге пәлен керек, ана жерге түген керек. Оны неге басында ойламайды. Жасымыз болса кеп қалды. Ертең қайда барамыз? Жерді қазып-қазып көмілеміз бе?

Кендебай Ахат, Нұртас шағын ауданының тұрғыны:

Әр келген әкім келген сайын мынау мемлекеттік бас жоспар қаланың өзгере береді ме?! Стадион салатын ашық жер бар шығар? Жоқ, міндетті түрде салынған үйлерді бұзып салу керек емес шығар енді, қандай жағдай болса да.

Тұрғындардың айтуынша, олар баспаналар үш ай ішінде бұзылсын деген хабарлама да алған. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше мәрте көтерілген. Өткен жылдары 1 мың 300 жер телімі қала аумағына қайтарылады дегенде қаланың сол кездегі әкімі Қайрат Молдасейітов: «833 телім алынбайды»,- деп жұбатқан екен.

Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Бас жоспарға өзгеріс енгізілмеген. Ол күшінде әлі. Ол нақты жоспарлау жоспары бекітілді ме, ол жоспарды бекіту үшін қаражаттар бөлінген. Онымен ол жұмыс жасалынған. Бәріне өтемақы беріледі заңға сәйкес. Үйлеріне қарай, жерлеріне қарай.

Шенеуніктің айтуынша, берілген ақымен келіспейтіндер сот арқылы шағымдануына мүмкіндігі бар. Ал үш айда баспананы босат деген әңгіме болған жоқ деді ол.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ