$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Босқын» мәртебесін сұраған сириялық азаматтың шағымын сот қанағаттандырған жоқ

AstanaTV
13.05.2016ж. 20:00
1579
«Босқын» мәртебесін сұраған сириялық азаматтың шағымын сот қанағаттандырған жоқ

Соғыстан қашып, Қарағандыдағы қайын жұртын паналап келген сириялық азаматқа «босқын» мәртебесі берілмейтін болды. Қазыбек би аудандық соты Ясер Алезалдиннің арызын қанағаттандырған жоқ.

Ербол Әбжанов, Қарағанды қаласының №2 Қазыбек би аудандық сотының судьясы:

Сот Ясер Алезалдиннің облыстық ІІД-нің «босқын» мәртебесін бермеу туралы шешімін жою туралы арызын қанағаттандырмайды. Бұл шешімге келіспесе, бір айдың ішінде қайта шағымдануына болады.

ІІД-не қарасты көші-қон полициясы соғыстан қашқандарға «босқын» мәртебесі берілмейді деп, Ясер Алезалдинді өз еліне қайтармақшы. Өйткені Қазақстанның «Босқындар туралы» Заңында ондай құқықтық статус ұлты мен нәсілі, дініне қатысты, не саяси қуғынға ұшырағандарға ғана беріледі. Құзырлы мекеменің шешімі осылайша өз күшінде қалды. Судья өткен процесте арызданушыны Қазақстанға әкелген Түркия елшілігі мен Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің сотта куәлік етуіне де рұқсат бермеді. Сот шешіміне наразы сириялық күйеу бала енді апелляциялық сотқа шағымданбақшы. 

Ясер Алезалдин, Сирия азаматы:

Қазір Сирия қалаларында әскери қақтығыстар тыйылған жоқ. Ол жақта өмір сүру мүмкін емес. Елге оралсам, тірі қалмайтыным анық.

Еске салсақ, Ясер Алезалдин 1996 жылы Қазақстан азаматшасы Сандуғаш Раисовамен отау құрып, Сирияның Хама қаласында тұрып келген. Кәмелеттік жасқа толмаған 5 баласы бар. Өткен жылы өз еліндегі қақтығыстардан қашып, отбасымен Қазақстандағы қайын жұртына келген болатын.

Айжан ҚУАШ