$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қытайдың Шанхай қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV саммиті өтті

AstanaTV
21.05.2014ж. 20:00
987
Қытайдың Шанхай қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV саммиті өтті

Қытайдың Шанхай қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV cаммиті өтті. Оған бірнеше мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілері қатысты. Бүгінде форум Азия аумағының 90 пайызын қамтитын 26 мемлекетті біріктіреді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің әлемдік саяси аренадағы рөлі арта түсуде. Шанхай саммиті бұған айқын дәлел. Жиында өңірлік қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастық ерекше назар аударуы тиіс салаларды санамалап берді. Қытай төрағасы Синь Цзиньпинь мырза саммиттің ашылуында атап өткендей, Азиядағы қауіпсіздік мәселелері тек құрлық тұрғындарының құзырында. Сондықтан Азия елдері қауіп-қатерге төтеп беру үшін күш біріктіруі қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі мұндай ықпалдастық орнатуға таптырмас алаң болып саналады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азияның қауіпсіз дамуын қамтамасыз ететін бірегей ұйым құратын уақыт жетті. Мен бұған толық сенімдімін, және де бұл ұйым Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бәсекелестік тудыратындай мықты болуы керек.

Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктері жөнінде айтқан Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық бағдарламасы бойынша диалогты жалғастыруға шақырды. Корей халық демократиялық республикасының кезекті ядролық сынақ өткізу жоспарына байланысты алаңдаушылық білдірді. «Бұл Азия Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін күрделі салдарға әкеп соқтыруы мүмкін», - деп атап өтті қазақ елі басшысы.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА