Оралда Кеңес Одағының батыры, ержүрек
пулеметші Мәншүк Мәметованың мұражай-үйі тоналды. Бірақ тонаушы ұзамады. Түн ішінде терезені сындырып, ішке
кірген ұры мұражайдың астан-кестеңін шығарған.
Осылайша 1891-жылы шыққан үлгідегі
«Мосин» снайперлік мылтығы мен карабинді және механикалық патефонды олжалайды. Қару-жарақ пен патефонды соғыс кезінде кеңес жауынгерлері
пайдаланған. Мұнымен тоқтамаған ұры алғашқы қазақ әскери бөлімін құрған Хамит
Чуриннің раритеттік былғары рулетка-өлшеуішін және «Самсунг» DVD ойнатқышын да
жымқырып кеткен.
Ал бұл кезде қалың ұйқыға кеткен
күзетші - мұражай директорының ұлы ештемені сезбепті. Мұражайдың тоналғанын оның қызметкерлері таңертең жұмысқа
келіп, есікті ашқанда ғана байқаған.
Асылай Ғұбашева, БҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері:
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бұл қылмыс небары 4 сағаттың ішінде
ашылды. Осы айналадағы бейнебақылау камералары
арқылы күдіктінің түр-келбеті мен барған жерлері анықталды. Қазір ұрланған
тарихи жәдігерлер мұражайға кері қайтарылды. Осыған дейін ұрлық және тонау
қылмысын жасағаны үшін 5 рет сотталған 25 жастағы жігіт күдікті деп айыпталып,
қамауға алынды.
Еркін ҚАРИН